19:40, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Қ.Тоқаев Қазақстанда жұмыс істейтін еуропалық бизнес қауымдастықтары өкілдерімен кездесті
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат. Бүгін Алматыда «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Еуропалық Бизнес-Ассоциациясының (ҚЕБА) жәрдемімен ұйымдастырылған Қазақстанда жұмыс істейтін еуропалық бизнес қауымдастықтары
өкілдерімен кездесті, деп хабарлады ҚазАқпаратқа Сенаттың баспасөз қызметі. ҚЕБА басқармасының директоры Бижан Фарамарзи Қ.Тоқаевты еуропалық аудиторияға таныстыра отырып, оның Қазақстанның Еуропалық Одақ елдерімен сындарлы ынтымақтастығын дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті.
Өз сөзінде Қазақстан Сенатының басшысы еуропалық іскерлер ортасына Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен әзірленген «Еуропаға жол» бағдарламасының негізгі бағыттары туралы ағылшын тілінде айта келіп, бұл жоспардың басты мақсаты - саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейту арқылы біздің еліміздің еуропалық мемлекеттермен қатынастарын стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру екенін атап өтті.Қ.Тоқаев транзиттік-көлік әлеуетін нығайтудағы, шағын және орта кәсіпкерлікті, инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуды, экологияны жақсартуды одан әрі дамытудағы өзара іс-қимылды кеңейту үшін зор мүмкіндіктерді атап өте келіп, әлемдік экономикалық және қаржы дағдарысы жағдайында энергетикалық қауіпсіздіктің ерекше маңызы бар екеніне тоқталды. Осыған байланысты ол еуропалық бизнес өкілдерін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразияның жаһандық қатерлер жүйесіндегі экономикалық қауіпсіздік» тақырыбы бойынша Астанада өткен ІІ экономикалық форумда айтқан негізгі тұжырымдарына назар аударуға шақырды.
Қ.Тоқаев еуропалық іскерлер ортасын алдағы 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ына төрағалық етудегі басымдықтары мен міндеттері туралы хабардар етті. Ол Ұйымның үш өлшемдегі ? гуманитарлық, экономика-экологиялық және әскери-саяси қызметін дамыту жөніндегі белсенді жұмыстарын жалғастыруға Қазақстанның ниеттеніп отырғанын жеткізді. Бұл тұрғыда Қазақстан Сенатының басшысы елдің қоғамдық-саяси тұрғыдан одан әрі өркендеуін, демократиялық институттардың дамыту, ұлттық, оның ішінде сайлау заңнамаларын жетілдіру мақсатындағы Қазақстан басшылығының бастамасы бойынша еуропалық тәжірибеге негізделіп қабылданған шаралар туралы жан-жақты әңгімеледі.Кездесу барысындағы пікірлесу кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның үш өлшеміне, сондай-ақ демократияны, көптарапты халықаралық ынтымақтастықты, толеранттықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі дамыту мақсаттарына тұрақтылығын атап өте келіп, ЕҚЫҰ-ында төрағалық етудегі, ДСҰ-ға кірудегі басымдықтарына қатысты қатысушылардың сауалдарына жауап берді.Анықтама үшін:Қазақстанның Еуропалық Бизнес-Ассоциациясы (ҚЕБА) ?Қазақстанда жұмыс істейтін және инвестиция әкелетін Еуропалық Одақтың, Қазақстандағы Еуропалық Комиссия Делегациясының бірнеше компанияларының бірлескен бастамалары бойынша 1999 жылы құрылған тәуелсіз, коммерциялық емес ұйым. Ассоциация Қазақстанда еуропалық бизнестің мүдделерін білдіруі, Қазақстанның негізгі экономикалық әріптесі ретінде Еуропалық Одақтың келбетін насихаттау және бизнес саласы мен Қазақстанда өз бизнесін бастауға немесе инвестиция әкелуге бет алған компанияларға жергілікті мәдени дәстүрлер бойынша ұсыныстар беру үшін құрылған.