Қала күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар жоғары деңгейде өтті - Талдықорған
Жетісудың кіндік қаласы биыл да өзінің туған күнін ерекше атап өтті. Қала күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар легі облыс әкімі Амандық Баталов бастаған қонақтардың Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Батырлар ерлігіне тағзым етіп, үнсіздікпен еске алған өңір басшысы және бір топ атқамінерлер қалалық әскери гарнизонының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қолданыста тұрған қару-жарақтар мен әскери техникалар қойылған көрмесін тамашалады. Балалар көркемсурет мектебінің, этномәдени бірлестіктердің қолөнер және аспаздық сонымен қатар кәсіпорындардың, шағын және орта бизнестің, қала сәулетінің, коммуналдық қызметтің, басқа да салалардың көрмелері қойылып, көпшілік ерекше ықыласпен тамашалады.
Мереке күніне орай тағам саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер де өзінің сүбелі үлесін қосты. Атап айтқанда, Қазақ хандығының 550 жылдығына арнайы диаметрі550 см. болатын пицца мен салмағы 80 келі тартатын көлемді тәтті тағам әзірлеп, қала тұрғындары мен қонақтарына тегін үлестірілді. Орталық алаңда «Әнші балапан», «Екі жұлдыз» және «Мисс обаяшка» сынды байқаулардың қатысушылары өз өнерлерін көпшілікке ұсынып, ыстық ықыласқа бөленді. Мерекелік шара орталық стадионда жалғасын тапты.
Бұл күні стадионға жиылған жұртшылықтың қарасы көп болды. Осыдан-ақ, қала тұрғындарының әрбір іске бей-жай қарамайтындығы аңғарылады. Шараны облыс әкімі Амандық Баталов ашып, талдықорғандықтарды мерекемен құттықтады:
- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесінде Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында қаржылық дағдарысқа қарамастан елімізде балабақша, мектеп, аурухана, тұрғын үйлер салынып, жолдар жаңартылуда. Соның ішінде Жетісудың кіндік қаласы Талдықорғанның келбеті көз алдымызда жаңарып, жақсарып келеді. Дана халқымыздың «Ырыс алды ынтымақ» деген аталы сөзі бар. Халықтың ынтымағы, татулығы, бір-біріне деген құрметі - ел өркендеуінің кепілі. Мерейлі жылда тойланып жатқан қаламыздың туған күні құтты болсын! Әр шаңыраққа жақсылық, мол бақыт тілеймін, - деді өңір басшысы.
Еңбекпен еленген бір топ аға буын Талдықорған қаласының Құрметті азаматы атағына ие болды. Мерекелік шара қаланың үздік өнер ұжымдары әзірлеген театрландырылған көрініс пен гала концертке жалғасты.
Қала күніне орайластырылған кеш мерекелік отшашумен аяқталды.