10:05, 26 Сәуір 2013 | GMT +5
Калуга мен Ақтөбе облыстарының басшылары аймақаралық әріптестіктің болашағын талқылады
КАЛУГА. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Калуга облысының губернаторы Анатолий Артамоновтың Ақтөбе облысы делегациясын бастап барған өңір әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесуінде аймақаралық әріптестіктің болашағы талқыланды.

Анатолий Артамоновтың пайымдауынша, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті кеңейтудің болашағы зор.
«Бізді аймақтардың дамуында нақты табыстарға қол жеткізуге ұмтылу біріктіреді. Бұл бағытта өзіміздің жетістіктеріміз бойынша тәжірибе алмасу маңызды», - деп атап өтті губернатор.
Кездесу барысында тараптар Ұлы Отан соғысы жылдары Ақтөбе облысында құрылған 312-ші атқыштар дивизиясын мәңгі есте сақтау үшін бірлесіп жұмыс істеуге әзір екендіктерін білдірді. Дивизия жауынгерлері Калуга жерінде Мәскеуге барар жолды жаудан қорғады.
Кездесу барысында Ақтөбе және Калуга облыстарының Сауда-өнеркәсіптік палаталары өзара әріптестік туралы келісімге қол қойды, делінген облыстық әкімшілігінің хабарламасында.