Қамауға алуға байланысты санкция беру мәселесін жетілдіре түсу қажет
Бұл туралы облыстық сотта сот, прокуратура, анықтау және тергеу органдары, қорғаушылар алқасы өкілдерінің қатысуымен өткен мәжілісте талқыланды.
Облыстық соттың апелляциялық алқасының төрағасы Теміржан Нұғмановтың айтуынша, облыста қамауға санкция беруді соттарға жүктеу алғашқы күннен-ақ өзінің нәтижесін бере бастады. Оның пікірінше, алдын ала тергеу сатысын қамтитын соттың қадағалауы адам құқығы мен бостандығына қатысты шешім қабылдайтын прокурор мен тергеуші, анықтаушының жауапкершілігін одан әрі арттырып, заң талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етеді.
Облыстық ішкі істер департаментінің тергеу бөлімінің бастығы Нұрлан Ғұбашев соттар орта дәрежелі қылмыс жасады деген күдік тағылған азаматтарды қамау үшін санкция беруден бас тартып, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шектеледі. Ал тергеуші сотқа қажетті материалдарды жинақтаумен айналысып жүргенде күдіктілер бостандықта жүріп өзге қылмыс жасауы немесе қылмыстың ізін жасыру үшін заңсыз әрекетке баруы мүмкін. Нұрлан Ғұбашевтің айтуынша, мұндай жағдайда кінәлінің елден шықпау жөніндегі қолхатын оны тұтқынға алу санкциясына өзгерту туралы сотқа жолданған өтініштер нәтижесін бермей жататын көрінеді. Бұған соттар кәмелетке толмаған балалары немесе тұрғылықты мекен жайы бар, сондай-ақ тергеу амалдарына көмектескен және денсаулығы нашар күдіктілерді қамауға алуға санкцияның берілмейтінін, ал өзге жайттарда шешімнің қылмыстың қауіптілігіне байланысты қабылданатынын жеткізді.
-Сот материалдарын жинақтау мерзімі өте аз болғандықтан, тергеушілер мен анықтаушылар күдіктінің кінәсін айғақтайтын мәліметтерді жинап үлгермейді, бұл прокурорлардың жұмысына айтарлықтай нұқсан келтіреді, - деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Шымырбай Ағабеков. Ол кей күдіктілерге қатысты қамау туралы санкцияны әлемдік тәжірибеде кең қолданылып жүрген «үйқамақпен» және «кепілдікке алумен» алмастыруды ұсынды. Өкінішке орай, облыста экономикалық жағынан тиімділігі аса жоғары бұл әдістерді қолдану жағы әлі де кемшін.
Қалалық сот төрағасы Ғалымжан Ищанов түнгі уақытта қамау туралы санкция беру процедурасының жетілмегендігін айтты. -Қылмыс тәулік бойы жасалады. Мейлі ол қылмыскер не күдікті болсын, азаматтың конституциямен бекітілген құқығы бұзылмауы тиіс. Санкция беру үшін түнгі уақытта прокурорды немесе қорғаушыны таппай қиналатын сәттеріміз жиі болады. Сондықтан процедуралық мәселелерді осындай басқосуларда жіктеп-жіліктеп шешіп алғанымыз жөн, - дейді ол.
Жиынға келген құқық қорғау органдарының өкілдері бұл бағытта бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін атап көрсетті.