«Кәмшат Дөненбаева» библиографиялық көрсеткіші жарық көрді

Ауыл шаруашылығы мамандарына, студенттерге, жалпы оқырман қауымға арналған бұл көрсеткіште 1973 жылдан бастап 2013 жылдың қазан айына дейінгі кезеңде баспа бетінде жарық көрген қазақ және орыс тілдеріндегі әдебиеттер қамтылған. Оны дайындаған ҚР Ұлттық кітапханасы. Бұл шара кезінде сондай-ақ, ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан «Халқымыздың қайраткер қызы» атты көркемделген кітап көрмесі болады.
Кәмшат Дөненбаева 1943 жылы 15 қыркүйекте Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында дүниеге келген болатын. 1968 жылы қазіргі Меңдіқара ауданындағы «Каменск-Уральский» кеңшарында механизаторлар даярлайтын курсты, 1977 жылы Қостанай ауылшаруашылық техникумын бітірген. Еңбек жолын Ұзынкөл элеваторында бастаған ол 1961-1967 жылдары «Каменск-Уральский» кеңшарының тракторисі, 1967-1990 жылдары «Харьковский» кеңшарында механизатор болып еңбек еткен. 1980-1985 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің Ұлттар кеңесі төрағасының орынбасары, 1990-1993 жылдары «Харьковский» кеңшарында қауіпсіздік техникасының инженері, 1993 жылы шаруа қожалығының басшысы қызметтерін атқарды. Ерен еңбегімен 1972 жылы қайырмасыз соқамен жер жыртуда әйел механизаторлар арасында өткізілген облыстық жарыста 1-орынды, республикалық жарыста 3-орынды, 1973 жылы Зерноградта өткен Бүкілодақтық жарыста жүлделі орынды иеленді. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет дипломымен марапатталды. КОКП XXV, XXVІ, XXVІІ съездерінің делегаты, КСРО Жоғарғы Кеңесіне қатарынан үш мәрте депутат болып сайланды. Ал 1975 жылы Бүкілодақтық социалистік жарыста қол жеткен табыстары үшін, егіншілік пен мал шаруашылығының өнімдерін өндіру және мемлекетке сатуды молайту жөнінде тоғызыншы бесжылдық тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындаған еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі қоса тапсырылды. 1976 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, екі мәрте Ленин орденімен және «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.