Қанат Әуесбай: «Болашақ» бағдарламасы аясында түркі тілдес жастарды да оқыту керек

«Қазірде әлемнің көптеген мемлекеттері шетелдік жастарды өздерінде оқытудың түрлі бағдарламаларын ұсынып жатыр. Оған дәлел, Британия үкіметі қаржыландыратын «Чивнинг», Американың «Эдмунд Маски» магистрлік бағдарламасы, Еуропалық Одақтың «Эрасмус Мундус» стипендиясы, Қытай, Жапония, Түркия, Чехия елдерінің және тағы басқа мемлекеттердің халықаралық шәкіртақылары бар. Бұл бағдарламалардың сол мемлекеттерге құйылған зор адами инвестиция екені айтпаса да түсінікті. Шетелдік университетте оқыған жастар өз отанына қайтып келген соң да өзін оқытқан елмен, университетпен байланысын үзбейді. Ендеше дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылған Қазақстанға да шетелдік студенттерді тартудың амалын жасау керек. Бұл үшін бізде зор мүмкіндіктер бар. Мәселен, Назарбаев Университетінің базасында оқытсақ. Неге түркі тілдес жастарды айтып отырмын? Біріншіден, шетелдік мемлекетті таңдағанда ол жастарға сол елдің тілін білу талабы қойылады. Ал түркі тілдес жастарға қазақ тілі туысқан тіл болғасын үйренуге жеңіл соғады. Екіншіден, олар көрші елдер болғандықтан логистика жағынан да Қазақстанға келіп-кетуі жеңіл», деп атап өтті Қ. Әуесбай.