Қанат Саудабаев Астанада өтіп жатқан Қостанай облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аралап көрді

Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту аясында 28, 29 қыркүйек күндері Астана қаласында Қостанай, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп жатқандығы бұған дейін хабарланған болатын.
Бүгін «Отан» қорғаушылар монументінің алдындағы алаңда өтіп жатқан Қостанай облысы кәсіпкерлерінің жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев пен Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов аралап көрді. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Нұралы Сәдуақасов оларды жәрмеңкенің жұмысымен таныстырып, әкелінген өнімдердің алуандығы мен көлемі туралы мәлімдеді.
Н.Сәдуақасовтың айтуынша, Қостанай облысы бас қалаға сапарына тыңғылықты дайындалған. Кәсіпкерлерден бөлек мұнда шығармашылық ұжымдардың үлкен тобы келді. Тек ресми делегацияның өзі 52 адамнан құралған. Олардың арасында соғыс және еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, Социалистік Еңбек Ерлері бар. Қ.Саудабаев еліміздің құрметті азаматтарына, соның ішінде трактор руліне қазақстандық әйелдердің арасында алғашқы болып отырған Кәмшат Дөненбаеваға қошеметін және жылы лебізін білдірді.
Қостанай облысы жәрмеңкеге барлығы 250 тонна ауылшаруашылық өнімін алып келді. Астаналықтардың жоғары сұранысына ет, қырыққабат, сәбіз, пияз, картоп, өсімдік майы және жұмыртқа ие болуда. Адамдар кезекте сағаттап тұрып, оларды қап-қабымен әкетіп жатыр. Себебі мұнда макарон (1 келісі) 125 теңгеге, жоғары сұрыпты ұн (1 келісі) - 62-75 теңгеге, сүт (1 литрі) - 140 теңгеге, қырыққабат- 15, сәбіз - 45, пияз - 35, картоп - 35, сиыр еті 800- 850 теңгеден саудалануда.
«Сауда екі күн бойы қызу жүруде. Облыстың ауылшаруашылық өнімдері үшін елордалықтар ұзын кезектерде тұрудан тайынбай жатыр. Өкінішке қарай, алаңның аумағы сауда орындарын кеңейтуге мүмкіндік бермейді. Бұл жерде сауданы алғаш жасап отырмыз. Сондықтан, астаналықтар кезекте сағаттап тұрмас үшін алдағы уақытта олардың өтініштерін ескеретін боламыз», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.