Қаныш Сәтпаев ескерткіші гранит сынтастар композициямен толықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадағы Қаныш Сәтпаев ескерткіші «Ұлылар сөзі» атты гранит сынтастар композициямен толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Шара «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің ұйымтқы болуымен өтті. Сынтастардың ашылуына ғұлама ғалымның ұрпақтары, Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен №61 мектептің оқушылары, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Астана қалалық мәслихаты мен қалалық әкімдік өкілдері қатысты.

«ХХ ғасырдың ғұламасы атанған Қаныш Сәптаев ескерткішінің жанында қазақ елінің білімі мен ғылымын, әдебиеті мен мәдениетін үлкен бір биік белеске көтерген ғұламалардың сөздерін ескерткіштің жанына төрт гранит тас орнатып, бетіне қашап жаздық.

Қаныш Имантайұлының ескерткіші былтыр 3 шілде күні ашылғанын білесіздер. Пандемияға байланысты ашылу салтанатын кең көлемде өткізуге шектеу болды. Сол кезде толығынан ашылмаған ескерткішті толыққанды кешен ету үшін маңайын мағыналы сөздер жазылған гранит тастармен көмкермекшіміз. Бүгін қойылған 4 тастың біріншісіне Қаныш Имантұлының өз сөзі, заңғар ғұламалар Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкиннің сөздері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Нұртас Оңдасынов, академиктер Евней Бөкетов, Өмірбек Жолдасбеков сөздері, төртіншісіне ақын-жазушылар Кәкімбек Салықов, Медеу Сәрсеке, Несіпбек Айтұлының жалынды сөздері мен өлең мәтіндері жазылған.

Сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың, ұлы ғалым, Қаныштың шәкірті Ебіней Бөкетовтің және мемлекет қайраткері Өмірбек Жолдасбековтің сөздері жазылған тастар да орнатылады, -деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Халықаралық Сәтбаев қорының» қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алтынбек Нұхұлы сынтастардың ашылу салтанатында.

Сондай-ақ, Қаныштың үлкен мұрасын насихаттау жолында қыруар жұмыс атқарған мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықовтың, сәтпаевтанушы, ғалымның ғұмырнамасын зерттеуге өмірінің 40 жылын арнаған Медеу Сәрсекенің, «Қаныш» поэмасының авторы Несіпбек Айтұлының сөздерін де тасқа қашап жазу көзделіп отырған көрінеді.

Сенатор Алтынбек Нұхұлы келешекте ескерткіштің алдынан үйлесімді субұрқақ ашылатынын атап өтті.

Салтанатты шараға жиналған халыққа №61 мектептің оқушылары ұлттық музыка туындыларын орындап,шағын концерт ұсынды.


Соңғы жаңалықтар