Қара өрік пен нектарин бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің қалаларында қара өрік пен нектарин бағасында едәуір айырмашылық бар. Оған логистика мен сұраныстың әсер етеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Қара өрік пен нектарин бағасы қанша
Коллаж: Kazinform/ Canva

Бағадағы айырмашылыққа бірнеше фактордың әсері бар. Біріншіден, өндіруші мен сатып алушы арасындағы арақашықтық, яғни логистика әсер етеді. Өңір неғұрлым шалғай болса, жеміс те соғұрлым қымбаттай береді. Екіншіден, өнімнің сапасы мен маусымдық сұраныстың әсері де бар.

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде қара өрік пен нектарин бағасы төмен. Мұндағы қолайлы климаттың және ауыл шаруашылығы секторының даму көрсеткіші оған әсер етеді. Ал еліміздің орталығындағы қалаларда баға орташа. Ұсыныс пен сұраныс мұнда да тең. Ал шығысында, ауыл шаруашылығының осы саласы кенже қалып, баға өзгелерге қарағанда жоғары болып тұр.

Қара өрік

Түркістан қаласында қара өрік бағасы 500 теңгеден басталса, Өскемен мен Семейде келісі 1 300 теңгеге жетіп тұр. Еліміздің оңтүстігіндегі Түркістан, Қызылорда мен Тараз қараларында қара өріктің келісі 500-900 теңгеге сатылып жатыр. Мұнда ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған, сәйкесінше баға да өзгелерге қарағанда төмен. Жақын болған соң жеткізу қызметі де бағаға оң әсер етіп отыр. Ал еліміздің орталығы мен солтүстігінде, оның ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Қостанайда баға орта есеппен алғанда 700-1 000 теңге аралығында.

Қара өрік бағасы еліміздің шығысында, атап көрсетер болсақ Өскемен, Семейде жоғары. Бұл қалаларда келісі 1 300 теңгеге сатылып жатыр. Себебі барар жер шалғай, көлік тасымалы жеміс құнының өсуіне әкеп соғады.

Қара өрік пен нектарин бағасы қанша
Инфографика: Kazinform

Нектарин

Қазақстан қалаларында нектарин бағасында үлкен айырмашылық бар. Мәселен Түркістанда келісі 700 теңге болса, Өскемен мен Семейде баға 1 700 теңге болып тұр. Еліміздің басым бөлігінде баға 1300 теңгеден аспайды.

Тағы бір қызықты жайт. Еліміздің батысындағы Атырау қаласында нектарин келісі 1 400 теңгеге сатылып жатыр. Оған тасымал мен сұраныс әсер етуі мүмкін. Дегенмен Ақтөбе мен Ақтауда баға көңілге қонымды. Мұнда бір келі нектарин бағасы – 850-890 теңге. 

Бұған дейін Қазақстандағы руккола, асжапырақ, жалбыз бен көк жуа бағасы туралы жазылды. 

Соңғы жаңалықтар