Қарағанды колониясында сотталушы казино ашқан

Тұтқындар карта, нард және өзге де құмар ойындарды ойнаған. Олардың арасында қолма-қол айналым болмаған. Ұтылғандардың туыстары мен достары жеңімпаздардың картасына ақша аударып отырған. Құмар ойын ойнаушылар тобы қыркүйектен сәуір айына дейін 8 ай жұмыс істеген.
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Қарағанды облысы Қаражал қаласы АК 159/22 колониясының сотталушысы түзеу мекемесі ішінде ойын бизнесін құрды деп айыпталған. Судья Әлия Жошева сотталушыны айыпты деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Арестант рақымшылық ету жөнінде өтініш берді.
«Апелляциялық алқа 10 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны заңды әрі негізді деп есептейді», - деді Қарағанды облыстық соты баспасөз қызметінің басшысы Гүлбаршын Жітікова.
Айта кетсек, АК 159/22 түзеу мекемесінің басшылығы салғырттығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі уақытта бұл колония таратылды. Сотталушылар өзге түзеу мекемелеріне ауыстырылды. Онда жұмыс істеген лауазымды тұлғалар өзге мекемелерге ауыстырылды, кейбірі кадрлық резервте тұр.