Қарағанды облыстық қаржы полициясы асыра көрсетілген бағамен дизельді отынды мемлекеттік сатып алуға тосқауыл қойды

Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
«Департамент қызметкерлері тіркелуі мүмкін жемқорлық тәуекелдерді анықтау мақсатында бюджеттік жобаларды жүзеге асыру барысын бастапқы кезеңнен бақылайды. Облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында Қарағанды қаласындағы №1 жүйке ауруларының медициналық-әлеуметтік мекемесінің автоматтандырылған жылыту жүйесіне арналған қысқы дизельді отынды сатып алу бойынша байқауға қатысатындар тарапынан өтініштер қабылданған. Мұнда артық төленетін қаржы 7 млн. теңгеге жуықтайтыны анықталып отыр», - дейді облыстық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Сүлейменова.
Ведомствоның мәліметіне қарағанда, басқарманың атқамінерлері 23,4 млн. теңге қаржыға 196 мың литр қысқы дизель отынын алуды діттеген. «Оның әр литріне 120 теңге қарастырылған. Бірақ жылытудың автоматтық жүйесінде бір литрі 90 теңгені құрайтын жазғы дизельді отынды да кәдеге жаратуға болады. Бұл жағдайда жағармайдың екі түрін сатып алу бойынша байқау өткізген жөн. Нәтижесінде 6,8 млн. теңге қазына қаржысы үнемделетін еді», - деп түсіндірді Г. Сүлейменова.
Қаржы полициясының департаменті еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жемқорлық сипатындағы заңбұзушылыққа жол беретін себептер мен шарттарды жою туралы ұсынысын жолдады. «Бүгінгі таңда құны арзанырақ маусымаралық дизельді отынды сатып алу есебінен жоспарланған бағаны төмендету мәселесі қарастырылып жатыр», - деп атап өтті ведомствоның баспасөз хатшысы.