Қарағанды облысы 5 жыл ішінде құны 6,5 трлн теңге болатын өнеркәсіп өнімін өндірді

«Өңірде 5 жыл ішінде жалпы жиынтығы 6,5 трлн теңгелік өнеркәсіп өнімі өндірілді. 1,5 трлн теңге инвестицияланды, соның ішінде 1 трлн теңге өнеркәсіп саласына құйылды. 58 жаңа кәсіпорын ашылып, бүгінгі таңда жұмыс істеп жатыр. ҮИИД бағдарламасы аясында іске қосылған бұл кәсіпорындарда 4600 жұмыс орыны ашылды», - делінген хабарламада.
Индустрияландыру картасы аясында аймақтың барлық 18 өңірі қамтылғаны айтылады. Жобалар өнеркәсіптің 12 саласын қамтиды. 13 жоба шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылған, 12-сі тауар экспорттаушы болып табылады.
Жиналыста айтылғандай, 2010-2014 жыдар аралығында жаңа кәсіпорындар құны 200 млрд теңге болатын өнеркәсіп өнімдерін өндірген.
«Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың өз қиыншылықтарымен қатар жетістіктері де бар. Алайда, сіздер мен біздер Елбасы тапсырмаларын орындау үшін қыруар жұмыс атқаруымыз қажет. Оның ішінде өнеркәсіп өндірісінің жалпы ауқымында индустрияландыру картасы бағдарламасы арқылы жүзеге асқан жобалар үлесін айтарлықтай ұлғайту да бар. Осылайша біз Қарағанды облысы елдің ірі өнеркәсіп орталығы болғанын және болып қала беретінін дәлелдееуіміз керек», - деді Нұрмұхамбет Абдібеков жиналыс қорытындысында.