Қарағанды облысында 16 кәсіпкердің конституциялық құқықтары қорғалды - прокуратура
Абай ауданы прокурорының аға көмекшісі Ольга Пляскинаның айтуынша, қадағалаушы органның араласуымен кәсіпкерлердің конституциялық құқықтары қорғалып отыр.
Прокуратураның дерегі бойынша, кәсіпкерлерге заңсыз салынған айыппұлдың көлемі 71 мың теңге мен 141 мың теңге аралығында болған.
«Абай ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөндірістік кешенінің Абай аудандық аумақтық инспекциясының міндетті сақтандыру шарттарын бекітуге міндетті тұлғалардың аталған шарттарды бекітуден жалтару деректері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша шығарған қаулыларының заңдылығына тексеру жүргізді. Тексеру барысында анықталғандай, 16 кәсіпкерге заңсыз айыппұл салынған болып шықты. Кәсіпкерлердің түсініктемелері бойынша,сақтандырушы компаниялар оларды келісімшарт бланкілерімен қамтамасыз ете алмаған. Яғни, шаруа қожалықтары басшыларының кінәлары жоқ», деп түсіндірді О.Пляскина.
Осыған қарамастан, барлық 16 шаруа қожалықтарының басшылары әкімшілік құқық бұзушылық жасауда заңсыз түрде кінәлі деп танылып, 71 000 теңгеден 141 000 теңгеге дейінгі әкімшілік айыппұлдар төлеуге жазаланған.
Прокуратура аумақтық инспекция қаулыларының күшін тоқтату туралы наразылықтар енгізді. Прокурордың барлық наразылықтарын қарап шыққан сот жалпы сомасы 1 миллион 660 мың 275 теңге соманы құрайтын әкімшілік айыппұлдар төлеу шешімінің күшін тоқтатты.
Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.