Қарағанды облысында 2010 жылдың соңына қарай құс фабрикаларының бірін жаңарту жоспарлануда

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысының әкімдігінде облыс әкімі Серік Ахметовтың төрағалығымен үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтіп, онда 2010 жылдың екінші жартысында іске асырылатын инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
None
None

Отырыста «Евразиан Фудс» компаниясының «Абсорбциялық рафинадтау цехын іске қосу» және «Өлшеп бөлшектеу желісін іске қосу» жобаларын, сондай-ақ «Майқұдық құс фабрикасы» ЖШС-ның «Өндірістік кешенді қайта жаңғырту» жобаларын жүзеге асыру барысы қаралды.

Алғашқы екі жоба бойынша «Евразиан Фудс» АҚ экономика жөніндегі директоры Сергей Федоров ақпарат берді. Ол рафинация цехын жаңғырту кезінде 32 млн. теңге сомаға монтаждау, іске қосу-қалыптау жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Оның ішінде технологиялық құрал-жабдық орналасатын жерді реттеу бойынша құрылыс-монтаждау және оны орнату жұмыстары жүргізілді, бак шаруашылығымен абсорбция желісін сығымдау жасалды, технологиялық колонна үстіндегі рафинация цехының қабырғалары монтаждалды. Бүгінгі күні дезодорация желісі бойынша электр кабельдері мен электр айырғыштарды монтаждау, автоматиканы орнату мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Абсорбциялық ағарту желісін іске қосу дезодорация желісімен қатар жүргізілетін болады, себебі бұл екі үрдіс бір-бірінен ажырағысыз болып табылады.

«Майқұдық құс фабрикасы» ЖШС директоры Зәуреш Мусинаның хабарлауынша, «Құс фабрикасының өндірістік кешенін жаңғырту» жобасы бойынша 10 құс қорасын, инкубаторды және жемшөп цехын жаңғырту көзделеді. Бүгінгі таңға 6 құс қорасы жаңғыртылған, оның 4-де құрал-жабдық монтаждалып, оларға 246 мың бас асыл тұқымды жас құстар орналастырылған. Қалған 4 құс жайын, жемшөп цехын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар нәтижесінде 170 жұмыс орны құрылады. Фабрикадағы құс саны 550 мыңнан 820 мың басқа көбейіп, ал жұмыртқа өндірісі жобада көзделгендей жылына 137 млн. дананы құрайтын болады.

Жаңа бизнес-бастамаларды субсидиялау бойынша тағы екі жоба қаралды. Олар: полиэтилен құбырларын өндіретін «Карал Plast» ЖШС мен полиэтилен үлдірін шығарумен айналысатын «Фолти» ЖШС жобалары. Экспортшыларды субсидиядау шеңберінде поролон шығаратын «Эгофом» ЖШС жобасы қаралды.

Үйлестіру кеңесінің отырысында Қарағанды облысында бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсетудің негізгі бағыттары бекітілді.

Отырыс қорытындысы бойынша Серік Ахметов 2010 жылдың екінші жартысында іске асырылатын инвестициялық жобаларға мониторинг жүргізуді және олардың уақытында іске қосылуын бақылауға алуды, сондай-ақ «Бизнестің Жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында мақұлданған жобалар тізбесін Қазақстан Республикасының экономикалық даму және сауда министрлігіне жолдауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар