Қарағанды облысында 2025 жылға дейін 2 трлн теңгені құрайтын 4 мыңнан астам шара жүзеге асырылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында өңірлерді дамыту жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін 2 трлн теңгені құрайтын 4 207 шара жүзеге асырылмақ. Аталған мәселе облыс әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаевтың жетекшілігімен өткен селекторлық кеңесте талқыланған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
None
None

Кеңес барысында жасалған баяндамаларға қарағанда, облыс орталығында қазіргі таңда өнеркәсіп саласындағы 10 жоба жүзеге асырылған, оған 7 млрд теңге инвестиция тартылып, 534 жұмыс орны құрылды. Ал шағын және орта бизнес саласында сауда және қызмет көрсету бағытында жалпы құны 11,6 млрд теңге болатын 40 нысан ашылған. Осының арқасында 1 600 жұмыс орны құрылды.

«Бұдан бөлек, Қарағанды қаласында 9 көпқабатты тұрғын үй салынды. Білім беру саласы бойынша 983,3 млн теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асты. Өңірде қалақұрушы кәсіпорындардың негізгі мәселесі де шешімін тауып келеді, осының өзі өнеркәсіп өсімін қамтып, бюджет түсімдерін арттырып келеді. Бұндай жағдай алдағы жоспарларды уақытылы орындауға да септігін тигізбек», - деді А. Дүйсебаев.

Оның айтуынша, бірқатар проблемалы мәселелерді шешу жолдары да айқындалып отыр. Мәселен, соның бірі Қарағанды қаласында «Бесоба» шағын ауданында құлаған тұрғын үй салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарды пәтермен қамтамасыз ету үшін қаражат табылып отыр. Сонымен қатар, үш көпқабатты тұрғын үй құрылысын салуды қаржыландыру мәселесі де оң шешім алған.

«Облыс бойынша 2016 жылы 510 шақырым автожолдар жөнделеді, оның ішінде 39 шақырымы Қарағанды қаласында болады. Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерде жолдарды жөндеуге қаражатты арттыру көзделіп отыр. Коммуналдық шаруашылық қажеттіліктері үшін 80 бірлік арнайы техника сатып алынған. Ал биыл облыс полиция қызметінің паркі 23 жаңа автокөліктермен толығады», - деді әкім орынбасары.

Оның айтуынша, білім мен денсаулық сақтаусаласында да 27 және 4 жалпы білім беру мектебінің құрылысы аяқталады. Осының өзі облыс бойынша жаңа нысандар салу қажеттілігін толық жабады. Сонымен қатар, Қарағанды қаласында көзі нашар көретін балаларға арналған 250 орындық мектеп интернат құрылысын аяқтау көзделген.

Кеңес қорытындысы бойынша А. Дүйсебаев даму жоспарын орындау және инвестициялар тарту бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Соның ішінде, Қарағанды облысы бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайын жобаларды (балалар мен жасөспірімдер сарайы, стадион, бала бақшалар және т.б.) мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асыруға назар аударылды.

Соңғы жаңалықтар