Қарағанды облысында ардагерлер Жеңіс күніне жалпы сомасы 250 млн. теңгеден астам жәрдемақы алады

КАРАҒАНДЫ. 6 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев бүгін Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қабылдады.
None
None

«Әлем тарихында алтын әріппен жазылған Ұлы Жеңіс - бұл Сіздердің, бүкіл соғысқа қатысушылардың қажымас қайраты және қайсар рухының жеңісі. Сіздердің Жеңіске қосқан үлестеріңіз, батырлықтарыңыз бен ерліктеріңіз - бүгінгі ұрпақ үшін Отанды сүюдің ғажайып үлгісі. Сондықтан баршамыз үшін бұл күннің орны да бөлек, маңызы да ерекше», - деді Б. Әбдішев.

Аймақ басшысы Жеңіс күніне Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге, сондай-ақ, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне де жалпы сомасы 250 млн. теңгеден астам бір жолғы материалдық және әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.

«Облыс әкімдігі мен аймақтың жетекші кәсіпорындары арасындағы өзара әріптестік туралы меморандумдар есебінен әр соғыс ардагеріне 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек аударылды», - деп атап айтты ол.

Сонымен қатар өңірдегі соғысқа қатысушылар коммуналдық төлемдерден босатылды, оларға тегін медициналық көмек алу мүмкіндігі туғызылды. Жиын соңында ардагерлерге гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

1 мамырдағы жағдай бойынша, Қарағанды облысында 554 Ұлы Отан соғысының ардагері, шамамен 20 мың тыл еңбеккерлері, 1708 соғысқа қатысушыларға теңестірілген тұлғалар тұрады.

Соңғы жаңалықтар