Қарағанды облысында аудандар мен қалаларға жаңа әкімдер тағайындалды

Аймақ әкімі Серік Ахметовтың өкімімен, ҚР Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша және мәслихат депутаттарының келісімімен: Ұлытау ауданының әкімі болып - бұған дейін осы аудан әкімінің орынбасары болған Әнуар Омаров; Жезқазған қаласының әкімі болып - бұған дейін Ұлытау ауданын басқарып келген Берік Әбдіғалиев; Қарқаралы ауданының әкімі болып - бұған дейін облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары болған Сержан Аймақов тағайындалды.
Жезқазғанның бұрынғы әкімі Қанат Балмағамбетов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Қарқаралы ауданының бұрынғы әкімі Ниқанбай Омарханов, бұған дейін хабарлағандай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына басшы болып тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Қарағанды облысында Бұқар жырау, Абай және Жаңаарқа аудандарында және Қаражал қаласында әкімдер ауысқан болатын. Сондай-ақ облыстық қаржы, жер қатынастары және ауыл шаруашылығы басқармаларына да жаңа басшылар тағайындалды.