Қарағанды облысында биыл 8 адам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшін «Нұр Отан» ХДП қатарынан шығарылды
Бұл туралы бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы аймақтық форумда сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов мәлім етті.
«Біздің форум мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлықпен күреске жәрдемдесіп қана қоймай, бұл құбылысқа қарсы жалпы ахуалды қалыптастыру үшін барлық салауатты қоғамдық күштерді топтастыруға тиіс тетік болып табылады», - деді Ә.Құсайынов.
Ол партия мүшелері өздерінің қатарын тазартып отыруды жақтайтынын атап өтті. «Ағымдағы жылы партиялық бақылау комиссиялары сыбайлас жемқорлыққа және басқа да құқық бұзушылыққа жол берген партия мүшелерінің 26 ісін қарады. Партиялық жауапкершілікке 25 адам тартылды, ал 8 адамға қатысты партиялық мүшелігі тоқтатылды», деп атап көрсетті.
Оның пікірінше, «Нұр Отан» ХДП-ның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестері өздерінің тиімділігін көрсетуде.
«Ағымдағы жылы қоғамдық кеңеске лауазымды адамдардың әрекеттеріне қатысты жеке адамдардан және заңды тұлғалардан 254 шағым түсті, оның 168-і жасаған тиісті меморандумдарға сәйкес өкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жіберілді», деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында қоғамдық кеңестерде мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі істің жай-күйі туралы 68 есебі тыңдалды.
«Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасаған аамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту үшін 5 ұсыныс берілді. Өкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлық сипатындағы 51 материал жолданды, олар қазір тексерілуде», - деді облыстық филиал басшысы.
Форумда атап өтілгендей, әсіресе мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлық көріністері тыйылмай отыр. «Қолға алынған шараларға қарамастан, бірқатар мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларды бұзуға жол беруде. Қаржы бақылауы басқармасы, прокуратура, қаржы полициясы органдары және басқа да мемлекеттік органдар жүргізген әрбір тексеруде мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзудан бастап, талапқа сәйкес келмейтін тауарларды, қызметтерді жеткізуге дейін дерлік заңнама бұзушылықтың елеулі көріністері орын алуда. Мәселен, 2012 жылы мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы сақтауға жасалған 157 бақылау тексерулерінің 27-сінде мемлекеттік сатып алу қорытындысына ықпал ететін заң бұзушылықтар орын алған», деді Ә.Құсайынов.
Форумға қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға күш-жігерді топтастыруға жұртшылықты шақырған үндеу қабылдады.