Қарағанды облысында екі аудан әкімі жаңадан тағайындалып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы ауысты

Облыс әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісіле отырып, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Бұқар жырау ауданы әкімінің қызметіне Шагурашид Қалиұлы Мамалинов тағайындалды. Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Еркебұлан Ертихалұлы Нашаров Бұқар жырау ауданының әкімі қызметінен босатылды.
Шагурашид Мамалинов 1958 жылы туған. Білімі жоғары, 1984 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, ал 2006 жылы Д. Қонаев атындағы университетті бітірген. Біліктілігі бойынша - зооинженер, заң ғылымдарының бакалавры. Еңбек жолын 1975 жылы бастаған. 1982-1985 жж. комсомол жұмысында болды. 1985 - 2007 жылдар аралығында Тельман, Мичурин (қазіргі Абай) аудандарында ауыл шаруашылығы саласында басшы қызметтер атқарды. Бұқар жырау ауданының әкімі қызметіне тағайындалғанға дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болды.
Облыс әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісіле отырып, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Абай ауданы әкімінің қызметіне (облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы болып тағайындалған Тұрар Алтынбековтың орнына) Еркебұлан Ертихалұлы Нашаров тағайындалды.
Еркебұлан Нашаров 1953 жылы туған. 1977 жылы Алматы зооветеринарлық институтын тәмамдаған. Біліктілігі бойынша - зооинженер. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. 20 жылдан артық уақыт бойы Бұқар жырау ауданында ірі шаруашылықтарда басшылық қызметтерде істеп, бас зоотехниктен кеңшар директорлығына дейінгі жолды жүріп өтті. Облыстық және Бұқар жырау аудандық мәслихаттарының депутаты болып сайланды. «Құрмет» орденімен марапатталған. 2006 жылдан бері Бұқар жырау ауданының әкімі қызметінде болды.
Серік Ахметов аталған аудандардың активін жинап, онда жаңа әкімдерді таныстырып, олардың алдына осы аймақтарды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту жөнінде міндеттер қойды.
Дәл осы күні Серік Ахметов ауыл шаруашылық басқармасы ұжымына аталмыш мекеменің жаңа басшысы Ниқанбай Иманғалиұлы Омархановты таныстырды.
«Қарқаралы ауданының әкімі қызметінде Ниқанбай Омарханов 10 жылдан артық уақыт жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында ол өзін ауқымды міндеттерді шеше алатын іскер басшы ретінде көрсете білді. Сондықтан мен оны ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне шақырдым», - деді облыс әкімі.
Ниқанбай Омарханов 1955 жылы туған. Екі жоғары білімі бар. 1977 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын, ал 2002 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Біліктілігі бойынша ауыл шаруашылығының инженер-электригі, экономист. 20 жылдан артық уақыт Қарқаралы ауданының бірқатар кеңшарларында басшылық қызметтерді атқарды. 2000 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.