Қарағанды облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге 391 үй тапсырылды (ФОТО)

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арнап бюджет қаражаты есебінен салынған құрылыс аяқталды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
None
None

«Республика бойынша су тасқынынан Қарағанды облысы ең көп зардап шекті. Бүгінде өңірде су тасқынынан қираған үйлердің орнына жаңа үйлер салынып бітті. Жалпы бюджет қаражаты есебінен 391 үй салынды», - делінген хабарламада.

Үй құрылысы 5 мамырда басталған. Тұрғын үй құрылысы бойынша штаб жұмысы облыс басшылығының тұрақты бақылауында болды.

Облыста табиғи апаттан 2107 отбасы зардап шекті. Тәуелсіз сараптама 391 үйді (459 пәтер) апатты деп таныды. Зардап шеккен азаматтарға бүлінген, жоғалған мүліктері үшін бюджет қаражатынан жалпы сомасы 719 млн. теңге өтемақы төленді.

Бұдан басқа, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттары жоқ 101 үй иелерінің мәселелері де шешілді. «Қоғамдық кеңес әр жағдай бойынша жеке шешім шығарды. Бюджеттен тыс қаражат есебінен 45 отбасының тұрғын үй мәселесі шешілді. Қалған 56 отбасы бойынша: 14-іне үй салынды, 32-іне үй сатып алынды, 10 отбасыға өтемақы төленді», - деп қосты облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Облыс әкімі Н. Әбдібеков өңірлерге барып, қоныстанушыларға жаңа үй кілтін табыстады.

«25 қыркүйекте Н. Әбдібеков су тасқынынан ауқымды зардап шеккен Бұқар Жырау ауданы Ғ. Мұстафин атындағы кентте болды. Бір ай бұрын 100 үй тапсырылды. Осы жолы 65 отбасы жаңа тұрғын үй кілтін алды», - деп хабарлады облыс әкімі баспасөз қызметінен.

Облыста айтарлықтай жұмыс жасалды. Барлық зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетілді, деп атап өтті өңір басшысы.

Кент тұрғындары билік пен құрылысшыларға алғыстарын білдірді. «Шынымызды айтсақ, уайымдадық, алайда мердігерлер үйді уақытында аяқтады. Тұрмыстық зат сатып алуға берілген материалдық көмек үшін рахмет», - деді жас отбасынан отағасы Алмаз Сыздықов.

«Бұрын үйіміз саманнан жасалған ескі болатын, ешбір жағдай жоқ еді. Қазір әдемі, үлкен, кең үйге көңіліміз толып, қуанышымызда шек жоқ», - деді зейнеткер Наталья Вебер.

Соңғы жаңалықтар