Қарағанды облысында мемлекеттік қызметкерлер үшін АӨК бағдарламалары бойынша арнайы курстар ұйымдастырылды
Облыс әкімдігі шараны өткізу жөнінде бастама көтерді. Курстар мемлекеттік қызметкерлерді оқытудың аймақтық орталығы базасында өткізілуде.
Ақпаратқа сәйкес, қараша айында 240 мемлекеттік қызметкер оқытылады. Соның ішінде аудан, ауыл аймақтары әкімдерінің орынбасарлары, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің бастықтары және облыстық басқармалардың мамандары болады.
«Осындай тақырыптық курстар бірінші рет өткізілуде. Оқыту бағдарламасына «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту», мал азығын өндіру, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы, ел Президентінің «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы сияқты бүгінде көкейкесті мәселелер енгізілді», - делінген хабарламада.
Дәрістерді облыстағы ауылшаруашылығы саласының ғалымдары - «Қазагромаркетинг» АҚ-ның мал шаруашылығындағы консалтинг департаментінің директоры Қабыл Исабеков, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің агрономия факультетінің деканы Нұрлан Серікпаев, Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының қызметкері Виктор Юрченко оқиды.
Курстардың ашылуында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері 2020 жылға дейінгі Қазақстанның АӨК дамытудың «Агробизнес-2020» жобасын таныстырды.