Қарағанды облысында менингитке байланысты жағдай тұрақты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірдегі менингококк инфекциясына қатысты жағдай туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазір облыста жағдай тұрақты. Қазақстанның бірқатар облысында менингококк инфекциясына байланысты эпидемиялық жағдай қиындай түскендіктен, алдын алу шараларын күшейтіп, аурудың Қарағанды облысына таралуына жол бермеу шараларын қарастырдық. Емханаларды жеті күндік жұмыс режиміне өткіздік», - дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Соңғы бес жылда Қарағанды облысында менингитке байланысты 66 науқас тіркелген, соның тек 16-сы ғана менингококк инфекциясынан ауырған. Биылғы бес айда 4 жағдай тіркелді, соның бірі менингококтық этиология болды. Науқас сәуірде ауруханаға түскен, мамырдың басында ауруханадан шығарылды.

Бұдан тыс, Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті адамдар көп жиналатын жерлерге ілу үшін буклеттер әзірлеп жатыр.

«Балаларға нәресте кезінде вакцина егу көптеген аурулардың алдын алады. Ата-аналардан міндетті егуден бас тартпауын сұрар едік», - дейді Ержан Нұрлыбаев.

Ведомство өкілдері жеке гигиенаны міндетті түрде сақтау қажеттігін айтады. Қолды жиі жууға, үйдің ішін жиі желдетіп отыруға, ашық су бассейндерінде шомылудан сақтануға кеңес береді. Алғашқы симптомдары белгі берген бетте дәрігерге жүгіну қажет.

«Біз күн сайын мониторинг жүргізіп отырмыз. Бүгінгі таңда біздің облыста менингококк инфекциясы жұқты деп күдіктенгендер жоқ. Сондай-ақ алты емханада ақылы вакцина егіледі. Қарағанды облысында менингококтық инфекцияның вакцинасының құны - 21500 теңге», - дейді Е. Нұрлыбаев.

Айта кетейік, Қарағанды облысында 1 маусымнан бастап менингитке қарсы ақылы вакцина егіліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар