Қарағанды облысында полиция қызметкері қарсылық көрсеткен азаматқа қатысты қару қолданды

Ақтас кенттік полиция бөлімінің 102 телефонына азаматша хабарласып, күйеуінің ішімдік ішіп, үйінде дау жанжал шығарып жатқандығы туралы хабарлап, полиция қызметкерлерімен бұрын сотты болған 34 жастағы азамат бөлімшеге жеткізілген. «Жеткізілген азамат кезекші бөлімнің терезесін сындырып, сынған терезенің шынысын алып, кезекші бөлімнің қызметкеріне дене жарақаттарын келтірмек болған. Полиция қызметкері оның заңға қайшы әрекетін түсіндіріп, егерде тәртіп сақшыларына қарсылығын тоқтатпаса табельдік қаруды қолданатынын айтқан. Азамат тәртіп сақшысының ескертпелеріне құлақ аспай, жанжал шығаруын тоқтатпаған. Сондықтан да оның әрекетін тоқтату мақсатында полиция қызметкері табельдік қару қолданған», делінген хабарламада. Бұзақы сол жақ аяғының тұсынан жарақат алды. Табельдік қару қолдану фактісі бойынша полиция қызметкері облыстық Ішкі істер департаментінің кезекші бөліміне хабарлап, жәбірленушіге көмек көрсету үшін жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына ішкі істер департаменті мен Саран қалалық ішкі істер бөлімінің басшылығы шықты. Бұзақының полиция қызметкеріне қоқан-лоқы көрсеткенде ұстаған шыны тәркіленді. Саран қаласының прокуратурасымен табельдік қарудың қолдануы заңды деп танылды. Бұзақыға қатысты ҚР ҚК-нің 380-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.