Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен судьяларға пәтер кілттері берілді
Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Н.Әбдібеков, Қарағанды облыстық сотының төрағасы М.Әлімбеков, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының облыстық филиалының төрағасы Н.Кузнецова, ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы І.Испанов, сондай-ақ өңірдің судьялар корпусы мен соттар кеңселерінің қызметкерлері қатысты.
Ағымдағы жылғы көктемде Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында су тасқынынан табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын. Ауданның көптеген тұрғындары, соның ішінде судьялар мен сот жүйесінің қызметкерлері тұрғын үйлерін су басып қалды. Бұқар жырау ауданында екі судьяның, сондай-ақ аудандық сот кеңсесінің сегіз қызметкерінің үйлері мен жеке заттары су астында қалған. №2 аудандық сотының ғимараты бүлініп, компьютерлік техника мен жиһаз істен шыққан.
Туындаған жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің бастамасымен а.ж. сәуірде табиғи апаттан зардап шеккен судьялар мен кеңсе қызметкерлеріне республиканың сот корпусы тарапынан материалдық көмек көрсетілді.
Жиналған қаржыға үш үй салынды. Оның екеуі екі судьяға қызметтік үй ретінде, біреуі аудандық сот кеңсесінің бас маманына қайтарымсыз негізде берілді.
Салтанатты іс-шараны аша отырып, М.Әлімбеков: «Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат туралы сөйлеген сөздерінде Қазақстан халқының бірлігін нығайту, қоғамды ұйыстыру, қиын-қыстау жағдайда өзара көмек көрсету, қолдау білдіру қажеттігін айтып келеді. Осы ретте судьялар корпусы да су тасқынынан зардап шеккен әріптестерінің басында туындаған ахуалға бей-жай қарай алмады», - деп атап өтті.
Іс-шараның құрметті меймандары да қоныстанушыларға өз тілектерін білдірді. Жиынға қатысушылардың барлығы жаңадан салынған үйлерді аралап көрді, деп хабарлайды Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.