Қарағанды облысында үш есірткі сатушы қолға түсті
Бұл туралы облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы хабарлады.
Сейсенбі, қыркүйектің 28-інде екі есірткі саудагері Теміртау қаласында ал біреуі Осакаровка кентінде құрықталды.
Облыстық ІІД ЕБҚКБ мен ҚР ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің «Орталық» басқармасының қызметкерлерімен бірлесе атқарған шаралар кезінде Осакаровка қаласында бұрындары сотты болған, қазір жұмыссыз 52 жастағы азамат қолға түсті. Оның үйінен полицейлер 303 грамм героин тапты.
«Теміртау қаласының ІІБ ЕБҚКБ қызметкерлер Республика даңғылының бойында бұрын сотты болған еш жерде жұмыс істемейтін 27 жасар азаматты тоқтатып, жеке тінту жүргізгенде, оның сөмкесінен 77,6 келі марихуана мен 674 келіден астам қарасора тапты», - делінген ІІБ таратқан ақпаратта.
Теміртауда еш жерде жұмыс жасамайтын 23 жасар азамат ұсталды, оның үйінен полицейлер 552 грамм гашиш пен марихуана тапты.
Осы аталған үш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталғандар уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.