Қарағанды облысында жолаушылар автобусы аударылды, 16 адам зардап шекті
Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бүгін күндіз Қарағанды-Аягөз тас жолында, Көктас ауылының маңында Қарқаралы-Қарағанды бағыты бойынша қозғалып келе жатқан «МАН» жолаушылар автобусы аударылды. Орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан 16 адам зардап шекті», - делінген облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан баспасөз хабарламасында.
Алдын ала жасалған болжам бойынша, жол-көлік апаты қатты жел мен көктайғақтың салдарынан болған. Полицияның берген ақпаратына қарағанда, автобус сағат 12.30-да Қарағандыға шыққан.
ІІД-нің мәліметінше, бүгін «Қарағанды-Балқаш» күре жолында «SETRA» автобусы жыраға аударылып кетті. Жол-көлік апаты Шет ауданының маңында болды. Автобуста 40 жолаушы болған.
«Орын алған жол-көлік апатының салдарынан 1972 жылғы Қарағанды қаласының тұрғынының омыртқасы сынып, кеуде тұсына зақым келген. Ол ауруханаға жеткізілді», - делінген хабараламада. Алдын ала жасалған болжам бойынша, бұл жол-көлік апаты да қатты жел мен көктайғақтың салдарынан болған.
«Тексеру амалдары жүргізілуде», - деп хабарланды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Жол полициясы басқармасы жүргізушілерге сақ болуға кеңес береді. «Құрметті жүргізушілер! Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты, төтенше жағдайды болдырмас үшін - аса шұғыл қажет болмаған жағдайда елді мекеннің аумағынан шықпауға шақырады. Дизельді отынмен жүретін көліктердің қозғалысына шектеу қоюға кеңес береді. Жолдарда апатты оқиғалар орын алған жағдайда ең жақын орналасқан жол полициясы қосынына хабарлауға немесе 8 (7212) 41-55-55 телефон нөмірі бойынша жол полициясының кезекшілік бөліміне қоңырау шалуды сұрайды», делінген хабарламада.