Қарағанды облысында жыл басынан бері 209 шетелдік елден шығарылды

Құқық тәртібін қамтамасыз ету, заңсыз көші-қон арналарын анықтау және олардың жолын кесу үшін кезекті «Мигрант» жедел алдын алу шарасы аймақта 13-15 қыркүйек күндері өткізілді.
«Осы шара барысында екі күннің ішінде 226 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін тарту және қолдану ережелерін бұзғаны үшін 14 жұмыс берушіге айыппұл салынды», -деп хабарлады көші-қон полициясы басқармасы.
Шахтинск қаласында Қырғызстан Республикасының азаматына қатысты елден шығару туралы сот шешімін орындамағаны үшін ҚР ҚК 330-1-бабы бойынша (ҚР мемлекеттік шекарасынан тиісті құжаттары мен рұқсатсыз заңсыз қасақана өткені үшін) қылмыстық іс қозғалды. Ведомствоның мәліметтері бойынша, жыл басынан бері осындай алты іс қозғалған.
«Өзбекстанның жеті азаматы заңсыз еңбек еткен кәсіпорынға 200 айлық ең төменгі көрсеткішке немесе 300 240 теңгеге айыппұл салынды. Ал шетелдік азаматтардың өздері елден қуылумен бірге 25 АЕК мөлшерінде айыппұлға тартылды», - деген мысалдарды келтірді көші-қон полициясы.