20:33, 18 Қазан 2012 | GMT +5
Қарағанды облысында жыл басынан бері заңсыз 21 ойын мекемесінің қызметіне тосқауыл қойылды
ҚАРАҒАНДЫ. 18 қазан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жыл басынан бері заңсыз 21 ойын мекемесінің қызметіне тосқауыл қойылды, деп хабарлады облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы).
«Ағымдағы жылдың 9 айында Қарағанды облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің қызметкерлерімен өткізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде заңсыз 21 ойын мекемесінің қызметі анықталып, 288 ойын автоматтары, 10 электронды рулетка мен 2 покер үстелі тәркіленді», - деді облыстық қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы Гүлжан Сүлейменова брифинг кезінде.
Қарағандыдағы бір заңсыз ойын салоны маңдайшасында «Үй асханасы» деген жазумен астыртын жұмыс істеген. Қаржы полициясының берген мәліметтеріне қарағанда, ойын мекемесінен 19 ойын автоматтары, 1 электронды рулетка мен ақша тәркіленді. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, ол тексерілу үстінде.