Қарағанды облысында жыл басынан жемқорлық сипатындағы 49 қылмыс әшкереленді

Бұл туралы аталмыш ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қаржы полициясы департаменті биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жемқорлық сипатындағы 49 қылмысты анықтады, оның алтауы парақорлыққа байланысты. Облыстық деңгейдегі бірінші басшылардың тарапынан 9 жемқорлық қылмысы тіркелді», - деп атап өтті шара барысында Қарағанды облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті істерді ашу және оның алдын алу жөніндегі басқарманың бастығы Сергей Федотов.
Құзырлы органның мәліметіне сүйенсек, жүйелік жемқорлық бойынша бір факті анықталды.
«Қарағанды облысы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы» РМҚК директоры орынбасарының және аталмыш мекемедегі бөлім бастығының үстінен 5 қылмыстық іс қозғалды. Олар жылжымайтын мүлік нысандарының құжаттарын рәсімдеуге қолғабыс етіп, өтемақы ретінде ақша алып келген. Қазіргі таңда тергеу жүргізілуде», - деді С. Федотов.
Қылмыстық қудалаумен қатар жемқорлық сипатындағы қылмыстардың және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстар да белсендіріле түсті. 2013 жылдың алғашқы тоқсанында департамент қызметкерлері бармақ бастылыққа ұласатын шарттар мен себептерді жою бойынша түрлі мемлекеттік органдарға 22 ұсыным жолдады. Оны қарастыру нәтижесінде 12 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылды.