18:47, 27 Тамыз 2014 | GMT +5
Қарағанды облысындағы дала өрті екі ауыл азаматының өмірін қиып кетті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында ауқымды дала өртінен екі адам қаза тауып, екі адам зардап шекті, деп хабарлады өңірдің ТЖД баспаөз қызметінен.

«25 тамызда Жаңаарқа ауданы Ақтау ауылдық округінде Райыс ауылынан 13 шақырым жерде дала өрті орын алды. Жалын 2 мың гектар аумақты шарпыды. Тілсіз жау келесі күні таңертең ауыздықталды. Оны сөндіру кезінде «Мақсат» шаруашылық қожалығының 37 жасар басшысы иіс тиіп уланғаннан көз жұмды. Бұдан басқа, «Фархат» шаруашылық қожалығының 57 жасар жұмыскерінің мүрдесі табылды», - деді ТЖД баспасөз қызметінен.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, өртті ауыздықтаған кезде екі адамды күйік шалған. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Жалынды сөндіруге ТЖД күштерінен, ерікті өрт сөндіру құрамаларынан 72 адам, 21 техника жұмылдырылды.
«Өрттің себебі анықталуда», деп қосты ТЖД баспасөз қызметінен.