Қарағанды облысының әкімдігі «Даму» қорымен және екінші деңгейдегі банктермен меморандум жасасты

ҚАРАҒАНДЫ. 17 қазан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімдігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен және екінші деңгейдегі банктермен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
None
None

Келісімге екінші деңгейдегі банктердің мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысуы талқыланған кеңес барысында қол қойылды.

«Экономиканы үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының іске асырыла бастағаннан бері аймақтық үйлестіру кеңесі жалпы сомасы 50 млрд. теңгені құраған 224 жобаны мақұлдады», - деп атап өтті облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпаратынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында несиелерді субсидиялау және кепілдендіру үшін 195 жоба мақұлданды. «Сала бойынша алғанда ең көп үлес - 48 пайызды өңдеу өнеркәсібі алуда, көлік - 22 пайыз, денсаулық сақтау - 8 пайыз және ауыл шаруашылығы - 7 пайызды алып отыр. Бағдарламаның «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау» атты бірінші бағыты бойынша несие бойынша сыйлық тағайындауды қаржыландырудан жалпы сомасы 34 млрд. теңгеге 169 жоба мақұлданды. «Валюталық қауіптерді төмендету» үшінші бағыты бойынша 7 млрд. теңгеге 16 жоба мақұлданды. Несиелерді бөлшектеп кепілдендіру аясында жалпы сомасы 1 млрд. теңгеге 10 жоба мақұлданды», - деп нақтылады кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ержан Темірханов.

Мемлекеттік қолдау шаралары аймақтағы кәсіпкерліктің дамуына септігін тигізуде, деп атап өтті ол.

Осы екі арада кейбір банктердің бағдарламаны іске асыруға үлкен белсенділік танытпай отырғаны мәлімденді.

Кеңестің соңында Қарағанды облысының әкімдігі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және екінші деңгейдегі банктер - «Альянс Банк» АҚ және «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

«Қарағанды облысы аймақтар арасында осындай құжатқа бірінші болып қол қойды. Меморандум қаржыны экономиканың, шағын және орта бизнестің нақты секторының кәсіпорындарына салуына септігін тигізіп, аймақ кәсіпкерлеріне қаражаттандыру, кепілдендіру және субсидиялау түрінде қосымша қолдау көрсетеді», - деп атап өтті Ә.Құсайынов.

Соңғы жаңалықтар
Референдум