Қарағанды облысының әкімі Ресейге сапары барысында көлік жасайтын «Соллерс» компаниясымен бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады
деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Делегация құрамында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Берік Камалиев, басқа да ресми тұлғалар болды.
Делегация Набережные Челны мен Елаугадағы «Соллерс» компаниясының автомобиль зауыттарына барып, «Елабуга» ерекше экономикалық аймағының инфрақұрылымымен танысты, деп хабарлайды баспасөз қызметінен.
Осыдан кейін арнайы кеңес өткізіліп, онда «СарыарқаАвтоПром» қазақстан-ресей бірлескен кәсіпорнының алдағы уақыттағы қызмет жайы талқыланды.
Аталмыш кәсіпорын ҚР Үкіметінің тапсырмасы бойынша біздің елімізде автомобиль өндірісін дамыту мақсатымен құрылған болатын. Оның құрамына «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен ресейлік «Соллерс» компаниясы кіреді.
«Соллерс» компаниясы - автомобиль саласында машина өндірісінен бастап оларды сату мен сервистік қызмет көрсету аралығында кешенді қызмет түрлерін көрсететін кәсіпорын. Оның өндірістік алаңдарында ресейлік УАЗ, корейлік SsangYong, жеңіл және коммерциялық FIAT автокөліктері, жапондық ISUZU жүк машиналары шығарылады. Құрылғаннан бергі жылдар ішінде (2002 жылы құрылған) компания ресейлік автомобиль нарығында жетекші орындардың бірін иеленіп, жылына 300 мыңға дейін автомобиль шығаруға қабілетті өндірістік қуаттылықтарды құра білді.
Ал, «СарыарқаАвтоПром» БК базасында жол талғамайтын автомашиналар, «кроссовер» және «пикап» санатындағы автомобильдерді құрастыру жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны - 15 млрд. теңге шамасында, бірінші кезеңді жүзеге асыру мерзімі - 2011 жылдың екінші тоқсаны. Жоба республикалық бюджет пен Еуразиялық даму банкінің есебінен қаржыландырылмақшы.
Бүгінгі күні бірінші кезеңді жүзеге асыру үшін ҚКҒЗИ зауытының алаңы белгіленді, еркін кеден қоймасы ашылып, бизнес-жоспар алдын ала нұсқасы әзірленді.
Қарағандылық делегацияның жұмыс сапары барысында осы жобаны жүзеге асырудың кейбір қырлары талқыланды.