Қарағандыда 15 жасар жасөспірім мектепке «мина» орнатылғанын хабарлады

ҚАРАҒАНДЫ. 25 ақпан. ҚазАқпарат - 15 жасар жасөспірім Қарағанды облысындағы Ғ.Мұстафин атындағы мектепті «миналап» тастады. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.
None
None

Полицияның ақпаратынша, оқиға жақын күндері болды, «қалжыңбас» ұсталды. «Күндізгі сағат төрттің шамасында ТЖБ-ға ұялы телефоннан белгісіз біреу қоңырау шалып, Ғ.Мұстафин кентіндегі орта мектепке жарылғыш зат орнатылғанын хабарлады. Оқиға орнына жедел түрде құтқарудың барлық қызметтері аттанды. Ғимараттан 246 адам көшірілді, соның ішінде 220 оқушы болған», - делінеді облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мұқият тексеру барысында жарылғыш зат табылған жоқ. Сағат 18:15-те тексеруді тоқтатуға бұйрық берілді. «Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Тельман ПБ қылмыстық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Ол салынған бомба туралы хабарламаны қалжың үшін айтқанын мойындаған 15 жасар мектеп оқушысы болып шықты», - деп ақпараттандырады  облыстық ІІД баспасөз қызметінен.

Лаңкестік актісі туралы жалған хабарлама фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде. «Ұялы телефон тәркіленді», - деп қосты облыстық ІІД баспасөз қызметінен.

Соңғы жаңалықтар