Қарағандыда «Бесоба» орнындағы құрылыс жұмыстарында үстіне автокран құлап кеткен жұмысшы зардап шекті
ТЖ өткен сенбіде орын алды. «Құрылыс материалын көтеру кезінде автокран құлап кетті. Соның салдарынан 24 жасар арматурашы-жұмысшы зардап шекті. Бұған автокран жүргізушісінің және монтаждау жұмыстарын жүргізген жұмысшының тарапынан қауіпсіздік техникасын өрескел бұзуы себеп болуы мүмкін. Құзыретті органдар - ІІД, прокуратура, еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті өкілдерінің қатысуымен мән-жайы мен себептерін анықтайтын комиссия құрылды. «Тергеу аяқталғаннан кейін кінәлілерге санкциялар қолданылады», - деді Е. Атажанов.
«Қазіргі сәтте кран бөлшектеліп тасталды. Кранның жебесі колоннаға құлады, тәуелсіз сараптама аталған құрастырмаға тексеру жүргізеді. Сараптаманың толық қорытындысы шыққанға дейін бұл учаскедегі жұмыстар тоқтатылды», - деді Қарағанды қаласы құрылыс бөлімі бастығының міндетін атқарушы.
Зардап шеккен жұмысшы ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ауыр жарақат жоқ, ол аздап соғылып қалған.
Естеріңізге салайық, 2012 жылғы 6 сәуірде Қарағандыда үлескерлік қатысу шарттарымен салынған «Бесоба» кешенінде 5 қабатты үйдің 4-кіреберісі блок-секциясы опырылып құлаған болатын.
Зардап шеккен меншік иелеріне қала билігі жаңа тұрғын үй берді. «Бесоба» ТК-нің басқа барлық үйлері апаттық жағдайда деп танылды. Тұтас кешенді бұзу және оның орнына жаңа көп қабатты үйлер тұрғызу туралы шешім қабылданды.
Үйдің апатқа ұшырауына байланысты төрт қылмыстық іс қозғалды.
Салушылар мен жобалаушыларға қатысты қылмыстық іс сотқа дейін жеткен жоқ. Айыпталушыларға тергеу сатыларында кешірім жасалды. Салдыр-салақтық үшін кешірім жасау актілерін қолдана отырып, «Бесоба» үйлерін мемлекеттік қабылдау актілеріне қол қойған 4 экс-шенеунікке сот үкімі шығарылды. «Бесоба» құрылысына рұқсат беріп отырған Қарағанды облысы мемлекеттік құрылыс-сәулет басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьев лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланған болып танылды және үш жылға қамауға үкім шығарылды.
Осы үйдің құрылысымен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС директоры Андрея Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде. Алданған клиенттердің ақшасын алып қашып кеткен компания басшысына іздеу жарияланды.
«Бесобаның» орнына Қарағанды қаласында жаңа «Шапағат» тұрғын үй кешенін салуға ел Үкіметі қорынан 1,5 млрд. теңге бөлінді. Жергілікті «Оливия» және Астанадағы «О.Т.А.Н.» (сауда, аудит және ғылым бірлестігі) жШС бас мердігерлер болып табылады. Қарағанды әкімі Мейрам Смағұлов хабарлағандай, осы жылдың соңына қарай бірнеше үйді тапсыру және «бесобалықтарға» уәде етілген 242 пәтерді бөлу жоспарланып отыр.