Қарағандыда «Бесобаның» орнында бой көтеретін жаңа шағынауданды салуға мердігерлерді іріктеу басталды

ҚАРАҒАНДЫ. 22 қазан. ҚазАқпарат - Қарағандыда апаттылық себебімен барлық үйлерін бұзу туралы шешім қабылданған «Бесобаның» орнында бой көтеретін жаңа шағынауданды салуға мердігерлерді іріктеу басталды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

«Қарағанды әкімдігінде «Бесобаның» орнына басқа шағынаудан салу жөнінде кеңес өткізілді. Онда мердігерлерді іріктеу мәселесі қарастырылды. Кеңесті қала әкімінің орынбасары Дархан Иманашев жүргізді», - деді қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Әкімдіктің ақпаратынша, іріктелгендер қатарында7 мердігер бар.

«Алғашында олардың саны 11 еді. Төрт компания талаптармен танысып, мүмкіндіктерін зерделеген соң бәйгеден шығып кетті. Осылайша, бүгінде Қазақстанның түрлі қалаларынан 7 ұйым қатысуға ниет білдірді», - деп түсіндірді әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Іріктеу үшін құрамына қалалық әкімдік және мәслихат өкілдері, сәулет-құрылыс бақылау органдары, ТЖ бойынша басқарманың өкілдері кірген комиссия құрылды. «ҚР Үкіметінің қорындағы ақшалай қаражаттың бөлінуін және жобаның әлеуметтік маңыздылығын есепке ала отырып құрылыс нарығы мұқият талданды. Құрылыс компанияларының тәжірибесі, абыройы мен мәртебесі зерттеліп, бұдан кейін жаңа тұрғын үй кешеніне мердігер болуға үміткер компанияларға құрылыс келісім-шарттарының жобалары жіберілді», - деді Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметінен.

«Бесоба» ТК-нің орнына қарағандылық сәулетші Қанат Мұсаевтың жобасы бойынша жаңа шағынауданның құрылысы жоспарланды, деп еске салады баспасөз қызметінен. Жаңа шағынауданға Шапағат» есімін беру ұсынылды. Жобаға сәйкес, жаңа тұрғын кешені төрт 9 қабатты, төрт 10 қабатты және үш 12 қабатты блок-секциялардан тұрады. Жалпы ауданы - қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын қосқанда 35,8 мың шаршы метр. «Ғимараттар монолиттік темір-бетон конструкцияларынан тіреулі іргетастарда салынуы тиіс. Бірінші кезекте кешеннің бұрынғы тұрғындары жайғастырылатын блок-секциялар салынады. Қалған аудан «Қолжетімді баспана» бағдарламасын іске асыру және коммерциялық құрылыс үшін беріледі», - деп атап өтті Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметінде.

Кеңесте атап өтілгендей, бас мердігер қаржылық және техникалық қызметі толығымен тексерілген соң анықталады.

«Биылғы жылдың өзінде тіреулі алаңды белгілеп, оған бетон құю керек. Үйлердің пайдалануға беру мерзімі - 2013 жылдың желтоқсан айы», - деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен.

Естеріңізге сала кетейік, 6 сәуірде Қарағандыдағы «Бесоба» ТК-дегі 5 қабатты үйдің 4 кіреберістік блок-секциясы опырылып түсті. Бұл үй үш жыл бұрын үлескерлердің қатысуымен салынған  еді. Бұған дейін, аталмыш тұрғын үйде 1 сәуір күні негізгі құрылыс конструкциялары бұзылған болатын.

Апатты үйден 138 адам көшірілді. Қарағанды әкімдігінің 3 сәуірдегі өкімімен тұрғын үй ТЖ тәртібіне жатқызылды.

ТЖ салдарынан болған шығын 545,3 млн. теңгеге бағаланды. Соның ішінде пәтерлер шығыны 328,8 млн. теңге болды.

Үйдің опырылып құлауы фактісі бойынша құрылысшылар, жобалаушылар, мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүргізген қызметтік тұлғаларға қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды. Сот санкциясымен Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасарлары Виктор Иванов пен Сергей Гребенщиков, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьев қамауға алынды.

Қазіргі кезде зардап шеккен үлескерлерге қала билігі жаңа үйлер берді. «Бесобадағы» басқа барлық тұрғын үйлер апатты деп танылды. Бүкіл кешенді бұзып, оның орнында жаңа көпқабатты үйлерді салу жөнінде шешім қабылданды.

Бұл үйдің құрылысымен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС-нің директоры Андрей Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуде. Алданған тұтынушылардың ақшаларын өзімен бірге алып кеткен компанияның басшысы іздеуге жарияланды.

Соңғы жаңалықтар