Қарағандыда «Елімнің тағдыры - менің тағдырым!» форумы өтті

Бұл туралы «Назарбаев орталығы» мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол туған өлкесінің қалыптасуы мен жүйелі дамуына, сол арқылы тұтастай тәуелсіз Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосқан отандастарымыздың жетістіктері тарихын айқындап, көрсету мақсатын көздеді.
Кеншілер Мәдениет сарайында форумның қонақтары мен қатысушыларын облыстың дамуына айрықша үлес қосқан қарағандылық танымал тұлғалардың портреттер галереясы қарсы алды. Өмірлік ұстанымымен, күн сайынғы қажырлы еңбегімен облыстың, қала берді елдің тұтастай жетістігіне үлес қосып келе жатқан форум спикерлерін - аймақтағы бүгінгі күннің нағыз қаһармандарын зор қошеметпен қарсы алды. Олар, атап айтқанда: шахтерлер әулетінің өкілі Мединовтер, «Сантехпром» ЖШС бас директоры Владимир Крючков, балалар үйінің директоры Анатолий Цебер, Ақтоғай ауданы ішкі істер бөлімі көші-қон полициясы тобының аға инспекторы Фархад Каурбеков, облыстық ІІД №1 жол полициясы жеке бөлім батальонының 1-взвод инспекторы Марат Нұрпейісов, «Қарағанды облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің №1 өрт сөндіру бөлімінің командирі Юрий Седов, облыстық клиникалық аурухананың гематология бөлімінің меңгерушісі Ольга Недова, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ домналық цехтың көрікшісі Әлібек Алпысбаев, «Шахтер» ФК шабуылдаушысы Андрей Финонченко сияқты танымал азаматтар. .
Олардың әрқайсысы жеке-жеке айтуға тұрарлық болғаны сол, спикерлер туралы ұйымдастырушылар шағын деректі фильмін дайындапты.
Мысалға, үш буын өкілінің жалпы еңбек өтілі 120 жылға жететін Мединовтар отбасы жайлы көріністі айтуға болады. Отағасы Өмірсерік Мединов қазіргі таңда зейнеткер. Балалары Сапар, Болат, Данияр мен Жанат шахтада жұмыс жасайды. Осынау қарапайым шахтерлер отбасы өздерінің нағыз үлгі алуға тұратынынан да хабарсыз. Өйткені олардың кішісі үлкендердің салған соқпағымен жүріп, өз ісінің майталман маманына айналған. Әулеттерінің атынан сөз алған Сапар Мединов жерлестеріне былай деді: «Біздің барлық жолымыз даңғыл болды. Алайда менің өзім де, бауырларым да шахтер мамандығын таңдадық. Біздің алдымызда үлгі аларлық әкеміз бар. Сол себептен бізге бұл нағыз ер азаматтың кәсібі болып есептелді. Ол адамды, оның мінез-құлқын шыңдайды, шынықтырады. Әкелеріміз шахтер болып еңбек ететінін және шахтерлер қаласында тұратынын мақтан тұтатыны есімде. Қарағандылықтардың ұрпақтарының тұтастай бір буын өкілдері Бибіжамал Омарова, Түсіп Күзембаевтардың еңбектегі табыстарына қарап бой түзеп, өскен еді... Алғашқы орынға кенеттен басқа құндылықтар шығып кеткен кездер де болды. Бірақ біз адал еңбек, Отанға деген махаббат, өз өлкесінің тарихына құрмет сынды ұғымдар қай кезде де ең бастысы болып қалатынына сенген едік.
Бүгінде Президентіміздің арқасында адам еңбегі жаңа деңгейге көтерілді. Осыған біз мақтанамыз, қуанамыз. Өз еңбектерінің жеңісімен туған қаламызды, облысымызды, елімізді даңққа бөлеген батыр-шахтерлердің ұрпағына лайықты болғымыз келеді.
Біз, шахтерлер, көп сөйлегенді ұнатпаймыз. Арық сөйлеп, семіз шыққанды қалаймыз. Біздің өміріміз, біздің тағдырымыз - міне, сол біздің еліміздің де тағдыры. Ал біз, шахтерлер, өмірімізге шағымданбаймыз!»
Өзі жайлы сөз айтпаққа бекінген А.Алпысбаев өзі үшін де, әріптестері мен ұжымы үшін де металлург болу зор мәртебе екенін атап көрсетті: «Көрікші болып еңбек етіп жатқаныма жылдан асты. Зауыттағы жалпы еңбек өтілім - 8 жыл. Әрдайым ауысымға келген кезде, Президентіміздің де көп жыл бұрын өзінің еңбек күнін осылай бастағанын еске аламын. Осы жерде сол қылшылдаған жас жігіт өзінің көшбасшылық қасиеттерін көрсеткен еді. Әрдайым осыны ойлаған сәтте, нашар жұмыс жасауға қақым жоқ екенін түсінемін. Елбасымыздың металлургтың еңбегін қалай баяндағанын, көпұлтты ұжымның ұйыған сүттей татулықпен еңбек етіп, өмір сүргенін қайта-қайта оқи отырып, достық пен өзара қолдау білдіру - Президентіміздің табысының өзегі болғанын түсінемін. Сөйтіп, бүгінде нарықтық экономикаға қарамастан, осынау дәстүрді өзіміздің ұжымда да сақтау үшін барлығын да жасап келеміз. Ұжымым маған сенім артады. «Нұр Отан» партиясы саяси бюросының мүшесімін. 2012 жылы облыс әкімінің жастар сыйлығын жеңіп алдым. Осының барлығын мен өз жетістігімнің алғашқы қадамдары деп санаймын. Алайда бұл тек менің ғана жетістігім емес. Ол менімен бірге еңбек етіп жатқан адамдардың, иық тіресе жұмыс жасайтын жастардың барлығының жетістігі. Өйткені осыған мені Президентіміз баулыды!»
ҚР екі мәрте чемпионы, Қазақстан футболы ту ұстаушыларының бірі, биыл 55 жылдық мерейтойын атап өткен атақты футболшы А. Финонченконы қолдауға «Шахтер» футбол клубының командасы толық келгендей. «Әр адамның, әр халықтың, әрбір мемлекеттің өз тағдыры бар. Менің де тағдырым елдің тағдырымен тығыз байланысқан... Бүгінгі таңда болашаққа қарай қадам басуға кез келген жол ашық. Тек өзіңе мақсат қойып, алға ұмтылу керек», - деді «Шахтердің» шабуылшысы.
Кез келген нәрсеге бей-жай қарай алмайтын және ерлікке тең еңбегімен көпке шапағаты тиген Ф. Кәукербековке, М. Нұрпейісовке және Ю. Седовқа да зор қошемет көрсетілді. «Біз өз әрекеттерімізді жеңіс деп санамаймыз, тек борышымызды атқардық деп білеміз», - деді олар қысқа да нұсқа сөйлеп.
Форумның соңында жерлестеріне арналған үндеу қабылданды, онда, атап айтқанда, былай делінген: «Еліміз жылдан жылға жақсарып келеді. Қалалар мен ауылдар еңсесін көтеруде, денсаулық сақтау саласының, білім беру мекемелерінің, мәдениет пен спорт орындарының жаңа құрылыстары бой көтеріп, ескілері жаңғыртылуда, халықтың әл-ауқаты артып, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осының бәрі - Президентіміздің басшылығымен тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолындағы біздің ортақ еңбегіміздің жемісі!
Өз жұмыстарымызды дұрыс әрі сапалы орындап, қоғамға пайдалы болуға ұмтылып, еліміздің лайықты азаматы болу арқылы Отанымыздың дамуына өзіміздің зор үлесімізді қосайық. Өйткені жеке алғанда, әрқайсымыздың тағдырымыз, тұтастай алғанда, барлығымыздың тағдырымыз - міне, осы біздің елдің тағдыры!»
Форумның соңы залға жиналған халықтың тік тұрып патриоттық «Атамекен» әнін шырқаумен аяқталды.