Қарағандыда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқау-көрмесіне 46 кәсіпорын қатысты

Аталмыш шараны облыс әкімдігі, кәсіпкерлік және өндіріс басқармасы, сондай-ақ техникалық реттеу және метрология комитетінің департаменті ұйымдастырды.
Облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғабит Мұхамбетов өз сөзінде атап өткендей, бүгінгі күні өңірде, жалпы Қазақстанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша іске асырылған Мемлекеттік үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кең ауқымды жұмыс атқарылуда. Қарағанды облысынан Индустрияландыру картасына 304 млрд. теңгеден астам қаражатқа 56 инвестициялық жоба енді.
46 кәсіпорын қатысқан байқау дәстүрлі түрде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» атты 3 аталым бойынша өтті.
«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында 22 кәсіпорын сынға түсті. «Kazcentrelectroprovod» ЖШС (1 дәрежелі дилом), «PROLUX KZ LTD» (2 дәрежелі диплом) және «Весовая» ЖШС (3 дәрежелі диплом) сияқты кәсіпорындар жүлдегерлер санатына ілікті.
«Тұрғындарға арналған үздік тауарлар» аталымында байқауға 12 кәсіпорын қатысты. 1,2 және 3 дәрежелі дипломдарға ие болған «Feza Plast kz» ЖШС, «ТАИС» ЖШС және Ғайсин ЖК-нің «Абай тігін фабрикасы» жүлдегерлер атанды.
Және де 12 кәсіпорын байқаудың «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында бәсекелесті. Бұл аталымда «Нәтиже Сүт Фабрикасы» ЖШС, «Дедов» ЖШС мен Қонқашев ЖК жүлдегерлер атанды.
Сонымен қатар облыс әкімінің арнайы сыйлығына өндірісін жетілдіріп, өнім сапасын арттырғаны үшін «Минова Қазақстан» Әлеуметтік кәсіпорны ЖШС ие болды.
Байқаудың жүлдегерлері ағымдағы жылдың соңында Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне қатысады.