06:20, 10 Наурыз 2017 | GMT +5
Қарағандыда коммуналдық қызмет өкілдері экология талаптарын бұзған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының коммуналдық қызметі экология талаптарын өрескел бұзған. Бұл жайында табиғатты қорғау прокурорлары мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.

«Жыл басынан бері коммуналдық сала қызметкерлері кеншілер шаһарының оңтүстік шығыс ауданынан шыққан 40 мың текше метр қарды қала іргесіне заңсыз төгіп келген», - дейді қадағалаушы орган өкілдері.
Осының салдарынан қар күрт ерігенде Федоров су қоймасы ластануы мүмкін. Сонымен қатар қала іргесіндегі саяжайларды және оған апаратын жолды су шайып кету қаупі бар.
«Осыған байланысты табиғатты қорғау прокуратурасымен қала әкіміне және ішкі істер басқармасы басшысының атына заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілді. Коммуналдық қызметкерлердің басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,-деді облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасының прокуроры Ренат Ермеков.