20:19, 22 Қазан 2012 | GMT +5
Қарағандыда Құрбан айт күндері мал сойылатын жерлер белгіленді
ҚАРАҒАНДЫ. 22 қазан. ҚазАқпарат - Қарағандыда Құрбан айт күндері құрбандық шалынатын арнайы жерлер белгіленді. Бұл туралы қала әкімдігінен хабарлады.
«Санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптарды сақтау мақсатында Құрбан айтты мерекелеу күндері құрбандық шалу арнайы белгіленген орындарда жүргізілетін болады. Мал сою екі жерде: Октябрь ауданындағы Бала қажы мешітінің жанында және Қазыбек би атындағы ауданда - қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі алаңқайда, «Магнум» дүкенінің қасында өткізіледі», - деп хабарлады Қарағанды әкімдігінен.
Әкімдікте атап өткендей, арнайы белгіленген алаңдарда мал союға арналған барлық жағдай жасалады. Шатырлар, контейнер, тұғырықтарды құру, судың жеткізілуін ұйымдастыру жоспарлануда.
Мұсылмандардың ең үлкен мерекесі - Құрбан айт алдағы жұма, 26 қазан күні басталады.