09:11, 26 Желтоқсан 2019 | GMT +5
Қарағандыда мас жүргізуші тұрақта тұрған 6 көлікті соғып кетті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін түнде Қарағандыда мас жүргізуші тұрақта тұрған 6 көлікті соғып кетті. Аталмыш оқиға салдарынан 3 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
26 желтоқсан күні сағат 02:30 шамасында «Мерседес» автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі Шахтерлер даңғылымен Язев көшесі жағынан Республика даңғылына қарай жүріп бара жатып қоршауды соғып өтіп, Құрылысшылар даңғылының бойында 23/7 үйдің тұрағына кіріп кетіп, түрлі маркалы 6 автокөлікті соққан. Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам көлікті мас күйінде басқарып, рөлге ие бола алмай қалған.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Мерседес» автокөлігінің жүргізушісі мен оның екі жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған факт бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізілуде», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

