Қарағандыда мемлекеттік сатып алулар барысында мүгедектердің құқықтары шектелген

Қарағандының Октябрь аудандық прокуратурасының басшысы Азамат Тілешовтың сөзінше, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарының шектелуі жөніндегі факті арнайы тексерулер барысында мәлім болды. Мүгедек жандар үшін көшелерді абаттандыру, яғни, талдарды бұтап, ағаштардың түбін тазалау және ақтау сияқты шаралар бойынша арнайы конкурстар қарастырылған. Алайда әкімдік мүгедектерді мұндай мүмкіндіктен айырған.
«Мемлекеттік сатып алулар бойынша екі конкурс жалпы негіздер бойынша жүргізілген. Ал «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңының талаптарына сәйкес, аталған қызметтер мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінен алынуы қажет болған. Бұл екі конкурстың құны 91 миллион 528 мың 310 теңгені құрап отыр. Прокуратура бұл конкурстардың қорытындысын өзгертуге қол жеткізді»,-деп хабарлады Азамат Тілешов.
Алайда, әкімдік өкілдері бұл ретте мүгедектерге басымдық берілмегендігін дәлелдеуге тырысты. Себебі бағдарламаға жаяу жүргіншілер жолындағы асфальтты алып тастап, жаңасын салу шаралары енгізілген. Бұл жұмыстар толық жұмыс күнінде жүзеге асыруды талап етеді, бұл мүгедектерге қойылатын талаптарға қайшы және ол ауыр жұмыс түріне жатады. Прокурорлар арнайы тексеру жұмыстарының нәтижесінде 90 миллион теңгеге жасалған 3 конкурстың нәтижелерін өзгертті. Әкімшілік жауапқа екі лауазым иесі тартылды. Мемлекет кірісіне 3 миллион 153 мың 878 теңге қайтарылды.