Қарағандыда мотоциклшілердің қатысуымен жол апаттарының саны артып отыр
Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Қарағанды облысының жолдарында биылғы наурыз-ақпан айлары ішінде ғана мотоцикл мен мопедті тізгіндеген жүргізушілердің қатысуымен 9 жол-көлік апаты (ЖКА) тіркелді. Салдарынан бір адам қаза тапты, тағы сегізі түрлі деңгейдегі жарақаттар алды», - делінген баспасөз хабарында.
Тәртіп сақшыларының мәліметтеріне сүйенсек, Қарағанды аймағында 2012 жылы мотоцикл жүргізушілерінің қатысуымен 50 ЖКА орын алып, 9 адам мерт болды, 51 адам жарақаттанған. 2011 жылы 44 ЖКА тіркеліп, оларда 8 адам көз жұмды, тағы 44-і зардап шекті. Ал 2010 жылы 40 жол апатында 11 адам жан тәсілім етіп, 39-ы жапа шекті.
Қарағанды облысында жалпы 330 мыңнан астам көлік тіркелген. Статистика бойынша, орташа алғанда жылына 370 көлікке бір жол-көлік апатынан келсе, 94 мотоциклшіге бір жол апатынан келеді. Көлік жүргізушілеріне қарағанда мотоцикл тізгініндегілер жол-көлік оқиғаларына 4 есе көп ұрынады.
Жол полициясы басқармасының деректері бойынша, бүгінде Қарағанды өңірінде 4 702 мотоцикл тіркелген. 2010 жылы - 122, 2011 жылы - 196, 2012 жылы - 381, 2013 жылдың алғашқы тоқсанында екі доңғалақты 96 көлік тіркелді.