Қарағандыда «Нұр Отан» партиясы әскер қатарына шақырылғандарды салтанатты түрде шығарып салды
деп хабарлайды партия филиалының баспасөз қызметі.
Бұл мерекелік шараға аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, генерал-лейтенат Сәкен Жасұзақов қатысты. Ол болашақ Отан қорғаушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі.
Әскер қатарына шақырылушыларды сонымен қатар Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник Григорий Нейман, интернационалист-жауынгер, Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысушысы Илья Ахметов, Қарағанды облысы «Жас Отан» ЖҚ атқарушы директоры Мирас Құттыбай шығарып салды. «Жас Отан» жастар қанаты атынан әскер қатарына шақырылушыларға естелік сыйлықтар берілді.
Жастарды салтанатты шығарып салу шарасы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында, сондай-ақ 7 мамыр - Отан қорғаушы күнінің қарсаңында өткізілуі бекер емес, деп атап өтті «Нұр Отан» ХДП филиалының баспасөз қызметі.
Ату қаруларының көрмесі ұйымдастырылды. Әскер қатарына шақырушыларға арнап 31755 әскери бөлімінің әскери-үрлемелі оркестрі мен Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің кәсіпқой әртістері концерт қойды.
Патриоттық іс-шараға облыс басшылары мен облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері, қорғаныс істері жөніндегі облыстық департамент қызметкерлері, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, «Жас Отан» ЖҚ белсенділері, «Болашақ» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелері қатысты.