Қарағандыда перинатальды орталық ашылатын болады
Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов сейсенбі, қыркүйектің 7-сі күні осы денсаулық сақтау нысанының жөндеу жұмыстарымен танысты.
«200 орынға есептелген осындай перинатальды орталық бізге өте қажет. Үсітіміздегі жылы оны пайдалануға бере аламыз деп үміттенемін. Бүгінгі таңдағы денсаулық сақтаудың негізгі міндеттерінің бірі - ана мен баланың өлімін азайту болып табылады. Нәрестелер мен ана өлімінің азаюына заманауи деңгейде жабдықталатын осындай мамандандырылған мекемелер көмегін беретін болады», - деді аймақ басшысы.
Аурухананың бұл корпусындағы жөндеу жұмыстары оның пайдалануға берілген кезінен бастап жүргізілмеген. «Жол картасы» бағдарламасының аясында осы ғимараттың қайта құрастырылуы үшін бірінші кезекте 117 млн. теңге бөлінген. «14 мың шаршы метрді құрайтын ғимарат тым үлкен болғандықтан, бұл қаражат жеткіліксіз болып шықты. Қазір бюджетті бекіте отырып, біз нысанның жөндеу жұмыстарына қосымша 120 млн. теңге бөлдік», - деді С.Ахметов.
«Жұмыс көлемі үлкен. Біз үшін жөндеу жұмыстары сапалы, сонымен қатар уақытында аяқталғандығы маңызды», - деп атап өтті облыс әкімі.