Қарағандыда Тәуелсіздік алаңында субұрқақ іске қосылды

«Бұл - қала тұрғындарына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту. Мерейтой жылы біз жаңа әлеуметтіек нысандарды ашып, қаланы абаттандырамыз. Биыл осымен төртінші субұрқақты халық игілігіне беріп отырмыз. Адамдардың жайлы және жақсы демалуы үшін бәрін жасауға тырыстық», - деді субұрқақтың ашылуында Қарағанды әкімі Бауыржан Әбдішев.
Оның айтуынша, келесі жылы Қарағандыда 25 гүлзар абаттандырылады.
«Тәуелсіздіктің 20 жылдығы - қазақстандықтардың барлығы үшін маңызды оқиға. 20 жыл мемлекет үшін қысқа мерзім, дегенмен Қазақстан бұл кезеңде өзінің жетістіктерімен әлемді таңғалдырып, қарыштап алға басты», - деп атап өтті Ұлы Отан соғғысының ардегері Николай Пастухов өз сөзінде
Алаңды абаттандыруға бюджеттен 250 миллион теңге бөлінді. Қалалық әкімдіктің мәліметтеріне қарағанда, субұрқақ құрылысына 37 млн. теңге жұмсалған. Мердігерлердің айтуынша, су құрылысын қаптайтын гранит Қытайдан әкелінген, еуропалық, кытайлық және ресейлік өндірушілердің жабдықтары қолданылған.
Алаңды абаттандыру одан әрі жалғасуда. Қазір Тәуелсіздік стеласы салынуда, оның ашылуы қараша айында болмақ.