Қарағандыда Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Елбасы - біреу, ел-жұрты - тіреу» деген ұранмен бүгін Қарағандыда Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шара өтті.
None
None

Мерекеге ардагерлер, депутаттар, озат жұмысшылар, әлеуметтік сала қызметкерлері, жастар, этномәдени бірлестік өкілдері және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты. Мерекелік шараны салтанатты түрде Ұлт Көшбасшысымен бірге еңбек етіп, қасында бірге болған серіктестері хормен ашты. «Бұл әнді Елбасымен бірге айтатынбыз», - дейді олар. Сол жылдары металлургтер қаласын бірге салып, Магнитканы көтеріп, спортмен шұғылданып, бірге демалатын Президенттің қызметтестері бұл мерекені үлкен қуанышпен атап өтті. Салтанатты мерекеге аға буынмен бірге жетістікке жеткен жастар да шақыртылды.

«Тұңғыш Президент күні қарсаңында Елбасы Қазақстан халқына өз Жолдауын жолдады. Президентіміздің саясатын толық қолдаймын, Елбасына денсаулық тілейміз, біз оның әр Жолдауын мұқият тыңдап, әрқашан да қолдауға дайынбыз», -дейді қарағандылық бокс мектебінің директоры Серік Елеуов.

Салтанатты сахнада орналасқан үлкен экраннан қарағандылықтар «Президент қандай жан?» деген сауалдың жауабын алды. Ассамблея өкілдері де мерекеден тыс қалмай, музыкалық құттықтауларын ортаға салды. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішевтің айтуынша, Қарағанды еліміздің индустриялық жүрегі болса, оның тірегі, әлбетте, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені сөзсіз. «Барлығыңызды егемен еліміз үшін, тәуелсіз мемлекетіміз үшін айрықша айтулы мерекеміз - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын!»,-дейді ол.

Шара барысында бүлдіршіндер скрипкада ойнап, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қонақтарға өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын табыстады. Ұлттық ән-би ансамбльдерінің мерекелік шараға арналған бағдарламасы ешкімді де бейжай қалдырмады, деп хабарлайды 24.kz.

Соңғы жаңалықтар