Қарағандыда жазушы-журналист Жайық Бектұровтың 100 жылдығы атап өтілуде
Шараға еліміздің ғылым мен мәдениет саласындағы зиялы қауым өкілдері, кітапхана қызметкерлері қатысуда. Сондай-ақ Ресей және Украинаның мемлекеттік кітапханаларының жетекшілері келді.
«Бүгін біз Ж.Бектұров шығармашылығы арқылы жастардың тарихқа деген қызығушылығын арттыруды көздеп отырмыз», - деп атап өтті Қарағанды облысы Мәдениет басқармасының бастығы Ержан Әбдірахманов.
Конференция қатысушыларының пікірінше, «Ж.Бектұровтың өмірі мен шығармашылығы жалпы адамзаттық құндылықтар, гуманизм, зиялылық, креативтілік, белсенділік, ой-пікір тәуелсіздігі тұрғысынан жастар үшін жол сілтейтін бағдар болып табылады».
Конференция барысында Ж.Бектұровтың мақалалары, сондай-ақ замандастарының жазушы жөніндегі естеліктері жарияланған «Адамзат рухани күш-қуатының құдіреті» әдеби альманахының тұсаукесері өткізілді. Мерейтойлық датаға орай дайындалған «Дала, махаббат және мейірімділік әншісі» деректі фильмі ұсынылды.
Бұдан басқа, Ж.Бектұровтың 100 жылдығына орай оның атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Таңбалы тарлан» республикалық виртуалды байқауын өткізді. Конференцияда бұл байқаудың қорытындылары шығарылып, үздік шығармашылық жұмыстардың авторларына сыйлықтар табыс етілді.
Бүгін С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының ғимаратында жазушыны еске алу кеші өткізіледі.
Ж.Бектұров Қарағандының Құрметті азаматы атағына ие болған. Облыстық жасөспірімдер кітапханасына оның есімі берілді.