Қарағандыдағы билік эшелонында кадрлық ауыс-түйістер орын алды
- Өздеріңізге белгілі, Виктор Иванов Саран қаласының әкімі қызметіне тағайындалуына байланысты Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары қызметінен босатылған болатын. Сондықтан қала әкімі бос лауазымдық қызметіне Қазыбек би атындағы ауданның әкімі Нұрлан Әубәкіровтің кандидатурасын келісу үшін жолдады. Бұл ұсынысты мен қарап, мақұлдадым, - деді Серік Ахметов бүгін Қарағанды қалалық мәслихатының сессиясында сөйлеген сөзінде.
Облыс әкімі алдындағылар сияқты бұл тағайындаудың да Елбасының басшы кадрларды «орталық-облыс-аудан-қала» сұлбасы бойынша ротациялау туралы тапсырмасын орындау екендігін атап өтті.
Нұрлан Ерікбайұлы Әубәкіров 1975 жылы туған. Екі жоғары білімі бар. 1997 жылы Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және 2000 жылы Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университетті тәмамдады. Білімі бойынша мамандығы - экономист, заңгер. Еңбек жолын 1997 жылы бастады. Қаржы органдарында, Қарағанды облысының экономика және кәсіпкерлікті дамыту бас басқармасында еңбек етті. Қазыбек би ауданы әкімінің аппаратының басшысы, Қарағанды облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Тағайындалғанға дейін Қазыбек би атындағы ауданның әкімі қызметінде болды.
Серік Ахметов Қазыбек би атындағы аудан әкімі лауазымына Ержан Отаровтың кандидатурасын қалалық мәслихат депутаттарының келісімін алу үшін ұсынды.
Ержан Баймұқанұлы Отаров 1956 жылы туған. Жоғары білімді, 1993 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, біліктілігі бойынша экономист.
Еңбек жолын 1985 жылы бастады. 1988 - 2001 жж. Қарағанды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» тресінің бас инженері, ЖРЭП № 4 директоры, «Каржөндеутұрғынпайдалану» бас директоры қызметтерін атқарды. 2001-2005 жж. Теміртау қаласының инфрақұрылым және құрылыс басқармасын, одан кейін «Теміртау» тау шаңғысы кешені» ЖШС-ні басқарды. 2005 жылдан 2006 жылға дейін Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болды. 2006 - 2009 жж. «Қазавтожол» РМК Қарағанды облыстық филиалының директоры болды. Тағайындалғанға дейін «Жылутранзит Қарарағанды» ЖШС директоры қызметін атқарды.
Осыдан кейін Серік Ахметов Қазыбек би атындағы ауданның актив кеңесін өткізіп, онда жаңадан тағайындалған басшыны таныстырды.