Қарағандылық балалар Президенттік шыршада көптеген ғажайыптарға кенелді

Президенттік жаңажылдық шыршаға облыстың барлық қалалары мен аудандарынан келген балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардан шыққан 150 бала қатысты.
Балалар Президенттік шыршада көптеген ғажайыптарға кенелді. «Достық әлеміндегі жаңажылдық ғажайыптар» деген атаумен өткен ертегілер әлеміне саяхат жасады. Балалар үшін ең үлкен сый - Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейне-құттықтауы болды. Одан кейін балаларды Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов құттықтады. «Жаңа жыл - барлық адамдар үшін ең керемет мереке. Бірақ бәрінен де бұрын жаңажылдық ғажайыптарды сендер күтесіңдер. Ғажайыптардың болмай қоймайтыны рас. Бүгінгі кереметтерге толы мерекені сендерге біздің Президентіміз сыйлады. Жаңа ғана Елбасының өздеріңе арнаған құттықауын тыңдадыңдар», - деді аймақ басшысы. Жаңажылдық мерекенің соңында оның әрбір қатысушысы президенттік сыйлықтар алды. Олар дәстүрлі тәттілермен қатар, жаңа сөмкелерге, киімдерге, спорттық жабдықтар мен ұялы телефондарға ие болды.