13:19, 06 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қарағандылық кардиохирургтар Қазақстанда бірінші болып стент-графт орнату - эндоваскулярлық операциясын енгізуде
ҚАРАҒАНДЫ. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандыда ағымдағы аптада Израильден келген кардиохирург мамандар шеберлік сабағын өткізеді. Оның барысында Қазақстанда алғаш рет стент-графт орнату - эндоваскулярлық операциясы жасалады, деп хабарлады облыстық кардиохирургиялық орталықтан.
Қыркүйектің 8-10-ы аралығында - үш күн бойы - израильдік мамандар дәрістер оқиды және тәжірибелік сабақтар өткізеді. Сондай-ақ, олардың қатысуымен Қарағанды облысының тұрғынына стент-графт орнату операциясы жоспарланып отыр.
«Қазақстанда біз бұл әдісті бірінші болып енгізіп отырмыз. ТМД елдерінде мұндай операциялар осыдан екі жыл бұрын Мәскеуде жасала бастаған», - дейді жергілікті мамандар.
Дәрігерлердің айтуынша, стент-графт орнату - аорта аневризмасымен ауыратын науқасты емдеудің жұмсақ әдісі. Бұл әдіспен операция жасалған науқас ұзақ уақыт бойы оңалуды қажет етпейді, ол емханада небәрі 2-3 күн ғана жатады.